Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

"Жүрек доноры болуға дайынмын!"

AstanaTV
25.02.2022ж. 20:00
3332
"Жүрек доноры болуға дайынмын!"

"Жүрек доноры болуға дайынмын!". Соңғы кезде әлеуметтік желіде осындай жарнама жиіледі. Қара нарықта  сауда қызып тұр. Ал елімізде 3 мың  адам  жүрек таппай, донор күтіп жүр. Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығында былтыр небәрі 2 жүрек трансплантациясы жасалған. Бұл мамандарды қатты алаңдатып отыр.  

2012 жылы 8 тамызда елімізде алғаш рет жүрек трансплантациясы жасалды.  Жәнібектің жаңа жүрекпен жүргеніне биыл 10 жыл. Оған  миына қан құйылып, ауруханаға түскен 47 жастағы әйел донор болды.  Медицина тілінде ол «өлген адам» болғанымен, жүрегі бірқалыпты соғып тұрған.

Жәнібек ОСПАНОВ, «ӨМІР ТЫНЫСЫ» ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Жүрек ауыстырар кезде рұқсатты балалары берді.  Олар шешім қабылдауға тым жас еді. Бірақ менің өмірімді ғана емес, басқалардың да өмірін құтқарды.


Жәнібектің айтуынша,  жүрек алмастыратын донор табу қиын. Елде медициналық технология мен білікті мамандар жеткілікті. Бірақ донорлық мәдениет қалыптаспай жатыр.  Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығында 10 жылда  84 жүрек трансплантациясы жасалған.   

Сәуле ШАЙСҰЛТАНОВА, ТРАНСПЛАНТАЦИЯ БОЙЫНША ҮЙЛЕСТІРУШІ:


Өкінішке орай, соңғы жылдары трансплатациялардың саны  өте азайып кетті. Өткен жылы 2 жүрек алмастырылды. Осы жылдың басында екі жүрек және бір бүйрек ауыстырылды.

Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының тізімі бойынша елде 130-ға жуық адам жүрекке  мұқтаж. Яғни, кезекте тұрған адам көп, жүрек жоқ. Жанын шүберекке түйіп жүргендердің бірі -Жауқазын. Ол 5 жылдан бері "аппаратты жүрекке" тәуелді.

Жауқазын ЗЕЙНУЛЛАЕВА, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Аппараттың салмағы- 3 кг. Круглосуточно менімен бірге, өйткені мына кабель арқылы жүрегімде орналасқан.

Әсел ДҮКЕМБАЕВА, ТІЛШІ:

Жауқазын сияқты  3 мыңнан астам адам жүрек таппай қиналып жүрсе, қара нарықта   өз жүрегін саудалап жүргендер бар.  Біз  жүрекке донор боламын деген жарнама бойынша бірнеше адамға хабарласып көрдік.  Олардың мұндай ессіз қадамға баруының себебі әртүрлі.

ДОНОР:

Қарызым болған соң істеп отырмын, нормально қарызым бар. Қара: мен егер оны төлемесем сотталуым мүмкін түсініп жатсың ба,  лучше мен сотталғаннан гөрі сатқаным жақсы.

Мамандардың айтуынша,  шамамен жыл сайын донорын күте алмаған 30-40 науқас  жарық дүниемен қоштасады.  Донор тапшылығы тек­ Қазақстанда   емес, бүкіл әлем­де үлкен мәселе болып отыр, дейді.  

Ә. Дүкембаева