Солтүстік Қазақстан облысында ауыр жүк көлігі қар тазалап жүрген жұмысшыларды қағып кетті. Жол апаты Есіл ауданындағы Мальцев селосының маңайында болған. Көпірдің үстінде Маз және Шаман көліктері бір-бірімен соқтығысып қалды. Осының салдарынан алып көліктің бірі сол маңайда тазалау жұмыстарын қолға алған бес жұмысшыны қағып кетті. 48 және 68 жастағы ер адамдар ауыр жарақаттан оқиға орнында қайтыс болды. Тағы үш адам аудандық ауруханаға жеткізілді.
Александр ВЕТЕР, КОММУНАЛДЫ КӘСІПОРЫННЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:
Менің жұмысшыларым көпірдің үстінде жаяу жүргіншілерге арналған жолды тазалап жатты. Жұмыс барлық техникалық талаптарға сай жүргізілді. Ал Маз көлігі темір бөгетті қағып, ар жағында тұрған 5 адамты соқты. Қаза тапқан екі жұмысшымның отбасыларына 100 мың теңге көлемінде өтемақы берілді. Тергеуден соң, кімнің кінәлі екені белгілі болады.
Қазір аурухананың жансақтау бөлімінде жатқан бір жұмысшының жағдайы ауыр. Полиция тергеу амалдарын бастап кеткендіктерін хабарлады. Қылмыстық кодекстің 345 бабы 2 бөлігі яғни көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Сараптамалар тағайындалған.
А. Құрманкин