Теңіз кен орнында өртенген кәсіпорында бұған дейін де өрт қауіпсіздігі бұзылғаны анықталды. Төтеншеліктер ол үшін былтыр айыппұл салған. Ал бұл жолы алып өндіріс орнының әп-сәтте алапат алауға орануына отты абайсызда қолдану себеп болуы мүмкін,- дейді мамандар.
Мұнай қалдықтарын өңдеумен айналысатын кәсіпорын – Теңізшевроил компаниясының мердігері. Тілсіз жау екі мың сегіз жүз шаршы метр аумаққа тараған. Абырой болғанда адам шығыны жоқ. Түрлі мұнай қалдықтары сақталған 150 контейнер мен бөшке және бір жүк көлігі жанып кетті. Өрт сөндірушілер отпен 4 сағатқа жуық алысқан. Алдымен Теңізшевроилдың өртті тойтару қызметі көмекке келген. Ал 90 шақырым қашықта орналасқан Құлсары қаласынан өрт сөндіру көлігі келгенше бір жарым сағат керек болды. Қазір кәсіпорынның жұмысы толықтай тоқтаған. Оқиға болған жерде өрт-сынақ зертханасы анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Асхат ЕРЖАНОВ, АТЫРАУ ОБЛЫСЫ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Алдын ала болжам бойынша, өрттің шығуына отты абайсызда қолдану себеп болуы мүмкін. Ол жерде мұнай қалдықтарын өртеуге арналған пеш тұр. Өрт ұшқыны содан шығуы мүмкін. Бұл -әзірге болжам ғана. Және маңында шахматтық тәртіппен ашық пластик контейнерлер орналасқан. Біз былтыр қыркүйекте тексеріп, айыппұл салдық. Екі айдан соң тексеріп, бұзушылықтардың жойылғанына көз жеткізген едік. Аталған нысанның тәуекел дәрежесі жоғары болғандықтан жыл сайын тексереміз.
Ал қалдықтар кешенінің өртінен аймақ экологиясына қаншалықты зиян келгенін әзірге ешкім дөп басып айта алмай отыр. Экология департаменті жақын күндері кезектен тыс тексеріс басталатынын хабарлады.
Б. Надірқызы