Қаңтар оқиғасына қатысты Бас прокуратурада 3 мың 666 сотқа дейінгі тергеп-тексеру ісі бар. Бұл құқыққорғаушылардың ресми ақпараты. Қару ұрлау, террорлық іс-әрекет, тонау, полицейлерге күш қолдану сынды айыптармен 162 адамға қатысты 101 қылмыстық іс сотқа жолданған. Ал, 62 адамға түрлі жазамен сот үкім кескен.
Елдос ҚИЛЫМЖАНОВ, ҚР БАС ПРОКУРАТУРАНЫҢ БІРІНШІ ҚЫЗМЕТ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Қаңтар оқиғалары кезінде 4000-нан астам адам түрлі дәрежелерге жарақат алды. Олардың ішінде 2402-сі полиция қызметкері. 990-ы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге тартылған әскери қызметшілер. Құқық қорғау органдары қылмысқа қатысушыларды анықтау және жауапкершілікке тарту бойынша барлық қажетті шараларды қабылдауда.
Бұдан өзге, Ішкі істер министрлігінде 2 мың 997 істі қаралуда. 194 адам қамауға алынған. Олар ұрлық, заңсыз қару сақтау, қару ұрлау деректерімен күдікке іліккен. Жалпы қаңтардағы қырғында 1 мың 500-ден астам бизнес нысанына шабуыл жасалған.
Санжар ӘДІЛОВ, ҚР ІІМ ТЕРГЕУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСТЫҒЫ:
Тек өткен апта ішінде мүлікті және қаруды ұрлау фактілері бойынша 7 күдікті ұсталып, соттың санкциясынан қамаққа алынды. Мысалы, Алматы қаласында болған жаппай тәртіпсіздіктер барысында 5 адамнан құрылған топ полиция қызметкерлерін арнайы құрылғыларын және қаланың 4 дүкенінен әртүрлі тауарларды жымқырған.
Л. Қуанышқызы