Түркістан облысындағы Қаратөбе ауылындағы жалғыз мектеп апатты жағдайда. Кезінде жергілікті тұрғындар өз күштерімен асарлатып салған ғимараттың шатырынан су ағады, қабырғалар қақырап тұр, іргетасы сөгіліп барады. Амал жоқ , осындай алқам-салқам жерде қазір 150-ден астам оқушы білім алуда, дейді тұрғындар. Мұнда тіпті пән кабинеттері, спорт зал, акт зал деген атымен жоқ. Ауыл балалары үшін ол орындалмас арманға айналғандай.
Шағын білім ошағын халық 2000-шы жылы асармен салған. "Қабырғасы сабаннан қаланған ғимарат әйтеуір жоқтан жақсы болды. Бірақ уақыт өте келе тозып, апатты жағдайға жетті",- дейді тұрғындар.
Тоғыз жылдық мектеп- 96 орындық. Небәрі бес сынып бөлмесі бар. Мұнда көрші жатқан үш ауылдан жүз елудей бала оқиды. Жоғарғы сыныптың оқушылары өзге аудандарға барып білім алуға мәжбүр.
Көркем БЕКЕМБАЙ, ҚАРАТӨБЕ МЕКТЕБІНІҢ ОҚУШЫСЫ:
Біз де қаладағылар сияқты үйірмеге қатысып, далада ойнағымыз келеді. Сосын бізде спорт зал да жоқ. Қыста біз іште отырамыз. Оның үстіне сынып суық болады. Сырт киіммен отырамыз. Және бізде пеш жақсы жағылмайды. Еңбектен өтетін кабинет те жоқ. Бізде үлкен мектеп болғанын қалаймыз.
Ғимараттың шатырынан да су ағады. Еден шіри бастаған. Парталар қырық жамау. Мектеп пешпен жылытылады. Ауыл он жыл бұрын газдандырылғанымен, білім беру нысаны табиғи газға қосылмаған.
Қасым ПЕРНЕБАЙҰЛЫ, МЕКТЕП ҚЫЗМЕТКЕРІ:
От жақсаң мектептің жылуы қиын. Өйткені терезелеріміз баяғы ағаш терезелер. Батареяларымыздың өзі трубудан жасалған батареялар ескі. Отты білесіздер светпен үрлеп жағылады. Суды айдайтын матормен айдаймыз. Оған светіміз көтермейді. 160-170-тен ары қарай шықпайды свет. 220 деген мүлдем жоқ. Мектеп интернетке қосылатын болса біз жылу қазандығын өшіруімізге тура келеді.
Мектептегілер электр энергиясының төмендігінен сынып бөлмелері кешкі уақытта ала көлеңке болып тұратынын да жасырмады. Мәселені талай көтерген. Жаңа мектептің сметалық жобасын да әзірлеген. Бірақ қажетті қаржы бюджеттен бөлінбепті.
Әмірхан МАМЫТБАЕВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ АДАМИ ӘЛЕУЕТТІ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ:
Типтік мектеп салу мақсатында 2019 жылы ЖСҚ әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған. Сметалық құны 837 млн. теңгені құрап отыр. Жалпы мектептің жаңа құрылысын салу бойынша облыстық бюджеттік комиссияға сұраныстар берілген басқарма тарапынан. Ағымдағы жылдың ішінде құрылысын бастау жоспарлануда.
Қаратөбе ауылына 200 орындық типтік үлгідегі мектеп салынады. Бұл жаңалық ауыл тұрғындарын елеңдетіп қойды. Енді олар құрылыстың басталар сәтін асыға күтіп жүр.
А. Төребекқызы