Украина мен Ресей арасындаы әскери қақтығыс басталғанына бүгін 9-шы күн. Алайда, келісімге келу үшін дипломатия да дәрменсіз сияқты. АҚШ Ресейге қарсы санкцияларын жалғастыруда. Ал, Украинаның атом электр станциясы алапат өртке оранды. Келіссөздердің екінші раунды өтті. Нәтижесі қандай? Қауіпті аймақтағы отандастарымызды эвакуациялау шаралары қай деңгейде? Әріптесім Лаура Қуанышқызы жауап іздеді.
Ресей Қорғаныс министрлігі тікұшақтар мен танктерін сақадай сайлап жатыр. Оның ішінде зенитті зымыран жиынтығы, радиолокациялық техника, танк, ұшақ және басқасы бар. Мемлекет басшысы Владимир Путин, Украинамен әскери қақтығыстардың 9-шы күнін қорытындылады.
Владимир ПУТИН, РЕСЕЙ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Ресей Федерациясының Қарулы Күштерінің Украинадағы әскери операциялары кестеге сәйкес нақты жоспармен жүргізілуде. Барлық жүктелген міндеттер орындалуда. Біздің жауынгерлер бейбіт тұрғындар арасында адам шығынын болдырмауға тырысуда. Өкінішке қарай, өздері зардап шегуде.
Украина қалалары шабуыл салдарынан адам көргісіз күйге түскен. Бір аптадан астам уақытта снарядтар қаланың бір бөлігін үйіндіге айналдырған. Атыс пен жарылыс бір сәтке де тынар емес. Шабуыл салдарынан Запорожье атом электр станциясы отқа оранды. Ешкім зардап шеккен жоқ, тілсіз жау ауыздықталды. Зеленский Путинді бетпе-бет келіссөзге шақырды.
Владимир ЗЕЛЕНСКИЙ, УКРАИНА ПРЕЗИДЕНТІ:
30 метрге қашқақтамай, Макрон, Шольцтармен отырғандай тура қасыма отыр.Тістеп алмаймын. Неден қорқасың, менімен сөйлес, есі орнында, жібі түзу ер-азаматпын. Біз терророист емеспіз, ешкімге қоқан-лоқы көрсетпейміз. Ешкімнің банкін тонап, біреудің жерін тартып алмаймыз.
Алайда, келісімге келу үшін дипломатия да дәрменсіз сияқты. Келіссөздердің екінші раунды халықты эвакуациялау үшін гуманитарлық дәліздер құруға арналған. Қауіпті аймақта қалған жүк көліктерін құтқаруда кедергі көп. Қазақстандық кейбір жүктерді теңіз арқылы өткізгендіктен, жол ақысы қымбаттап кеткен.
Ерлан АБСАТОВ, "KAZLOGISTICS" ҚАЗАҚСТАНДЫҚ КӨЛІК ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ОДАҒЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:
Қақтығыс болып жатқан соң, жүргізушілерді қауіпті аймақтан шығару маршруты бірнеше рет өзгеруде. Біздің көліктерді аман алып шығу үшін Польша, Беларусьпен «жасыл дәліз» негізінде жасалған келісімсөздер бар.Тағы бір жағдайды қиындатып отырған жәйт, бізде украиналық, түрік көлік жүргізушілері бар. Ал, көлік бізге тиесілі, осы жөнінде де елшілікпен жұмыстар жүргізілуде.
Ал, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі қауіпті аймақтан тағы 11 отандық жүк көлігінің шығарылғанын хабарлады. Қазір ол жақта 26 көлік қалғанын айтты.
Самат ГИЛИМОВ, ҚР ИНДУСТРИЯ ЖӘНЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ДАМУ МИНИСТРЛІГІ КӨЛІК КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:
Жүктерге шабуыл жасағандар болған жоқ. Бірақ, жаңағы анау магнитофонның я болмаса ішіндегі кейбір құралдардың алғандары да ондай жағдайлар болды. Ондай болды, бірақ көліктеріне сондай қатты зиян келген жоқ.Сондықтан, олар өздерінің күштерімен жүреді.
Алайда, жүк вагондары әлі табылған жоқ, іздестіру уақыты созылып кетуі әбден мүмкін. Себебі, олардың электрондық, ақпараттық жүйелері істен шыққан. Ал, СІМ кеше тағы бір ұшақ отандастырамызды жеткізгенін айтты. Жалпы 133 жолаушы, оның ішінде 2 бала мен 2 Қырғызтан азаматы аман-есен Қазақстанға жетті.
Л. Қуанышқызы