Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Банктен жеңіл несие ала алмаған астаналық жас кәсіпкерге қаржы министрі көмектеседі

AstanaTV
27.06.2016ж. 20:00
1437
Банктен жеңіл несие ала алмаған астаналық жас кәсіпкерге қаржы министрі көмектеседі

"Бюджетті жобалаудың бұған дейін қолданылып келген тәсілдері енді өзгереді. Ол бәрімізді қазына қаражатын үнемдеп жұмсауға үйретеді". Бүгін ел алдында есеп берген Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов осылай деді. Ал келесі жылы 1 млн 200 мыңдай қазақстандық тапқан табысы жөнінде декларация тапсырады. Министрдің есеп беру жиынына жастар да келіпті. Бизнес бастағысы келіп, бірақ банктен несие ала алмай амалы құрыған кей азаматқа министр Сұлтанов жөн көрсетті. Мөлдір Бақыт-Қызы тарқатады.

Ақшаны жұмсауға деген көзқарас түбегейлі өзгеруі керек. Дағдарыс жеке адамдарды ғана емес, мемлекетті де осыған итермелеп отыр. Қаржы министрлігі бюджетті жобалауға өзгеріс енгізбек. Бізде бұған дейін кассалық тәсіл болды. Миллиондаған ақша бірден аударылады. Сонан соң шетінен игеріледі. Енді қаражат жұмысты атқару нәтижесіне қарай кезең-кезеңімен бөлінбек. Сондай-ақ мемлекеттік-жеке серіктестікке басымдық беріледі. Кәсіпкерлер инвестор табады, мемлекет оған кепіл болады.

Бақыт Сұлтанов, ҚР Қаржы министрі:

Бюджетті жоспарлаудың "төлем" тәсілі көптеген сұрақтарға жауап іздеуге әкеледі. Ақша соңына дейін жетеді ме, тиімді жұмсап жатырмыз ба, қарызды көбейте беруге болады ма деген сияқты, тағысын тағы. Осындай жаңа өзгерістер жасалып жатқан Бюджет кодексінде қарастырылған.

Келесі мемлекеттен бөлек әрбір адам өз бюджетінің кіріс-шығысын реттеуге кіріседі. Жалпыға бірдей декларация тапсыру басталады. 2017 жылы мемлекеттік қызметкерлер артық шығыны жайлы есеп береді. Қымбат көлік, баспана сатып алса, қаражаттың қайдан келгенін жайып салуы тиіс. Ал үш жылдан соң бүкіл ел өз табысын жария етеді. Бір қызығы - қымбат дүние-мүлікті сыйлыққа алсаңыз, ешкім тергеп-тексермейді.

Бақыт Сұлтанов, ҚР Қаржы министрі:

Сый-сияпатқа қазір де, жалпыға бірдей декларация тапсыру енгізілген соң да, салық салынбайды. Жеке адамдар бір біріне кілем, көлік, тағысын тағы бұйымдар сыйласа да, салықтан босатылады.

Сұлтановтың айтуынша, жұртқа жаппай салық салу арқылы мемлекет баюды көздемейді. Керісінше, бұл тәсіл халықтың әл-ауқаты туралы ашық ақпаратқа қол жеткізіп, әлеуметтік-экономикалық тұрғыда дұрыс шешім қабылдауға сеп болады, дейді ол. Теледидардан, мемлекет 7 пайыздық несие береді, деп естіген кәсіпкер бизнес жобасын әзірлеп банкке барған. Ондағылар пайыздық үстемақы 19 пайыз деп жігітті шығарып салады. Өзінен көмек сұраған жігітке министр «ағаңыз» үкімет, «тәтеңіз» «Даму» қоры деді.

-Мен өзім ағам-тәтем деген жоқ адаммын. Бизенс жоспар сыздым, өткіздім, Қолыма сол ақша түседі ме?

- Ойыңыз дұрыс болса, құжаттарыңыз дайын болса, аға-тәте сізге Үкімет, «Даму».


«Бюджет тапшылығын жою үшін, сырттан 1 млрд доллар қарыз аламыз» деп хабарлаған Қаржы министрін әлеуметтік желідегілер біраз сөккен. Министр бөтен елдерге берешегіміз жалпы ішкі өнімнің 21,6 пайызын құрайтынын айтты. Ал «экономикалық байланыс  және даму ұйымы» шекті мөлшері 60 пайыз деген еді. «Сондықтан алаңдауға ерте» дегенді де қосты. Алайда жуырда ғана депутаттар мемлекеттің берешегі мен квазимемлекеттік сектордың қарызы 68,6 млрд АҚШ доллары немесе ІЖӨ 56 пайызын құрайтынын айтқан. 


Бақыт Сұлтанов, ҚР Қаржы министрі:

21 пайыз деп айтып отырғанымыз - ол тек мемлекеттік қана. 56 - ол квазимемлекеттік қарызды қосқанда, солай болып отыр.

Қазақстан сыртқы қарыз рейтингі бойынша 134 елдің ішінде 12-орында. Биыл жыл басынан бері, мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз ету үшін, министрлер халыққа есеп беруді бастаған. Үкімет мүшелерінің біразы бүгінге дейін «Қазмедиа» орталығындағы 400 орындық залда елге есеп беріп тастады.  

Мөлдір БАҚЫТ-ҚЫЗЫ