Кезек, әдеттегідей спорт жаңалықтарында. Онымен әріптесім Асылбек Данияр таныстырады. Асылбек, бүгін қандай жаңалықтарың бар?
Кеш жарық! Қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин мен мексикалық Сауль Альварес арасындағы жекпе-жек өтпеуі мүмкін. Оған не себеп? Осы және өзге де ақпараттар сәлден соң.
"Канело" алдағы жекпе-жекте жеңіліп қалуы мүмкін. Бокс шолушысы және спорт комментаторы Тимоти Брэдли осындай пікірде. Яғни айқаста мексикалық Сауль Альварестен ресейлік Дмитрий Бивол басым түсуі ықтимал екендігін айтқан. Шетелдік танымал промоутерлік компания басшысы да "Канело" үшін алаңдап отыр. Олар Альварес қанша жерден мықты болса да кездесу ауыр өтеді деген болжамда. Өйткені мексикалық спортшы жартылай ауыр салмаққа ауысқан, ал бұл былғары қолғап шебері үшін қиындық тудырады, дейді. Айта кетейін, қос мықтының арасындағы кәсіпқой бокс кеші 7 мамырда Лас-Вегаста өтеді деп жоспарланған. Егер Альварес қарсыласынан жеңіліп қалса, Головкинмен жоспарланған кездесу өтпейді.
80 000 АҚШ доллары. Қазақстандық пара спортшы Александр Герлицке осы сумма көлемінде сыйақы төленеді. Ол Бейжіңде өтіп жатқан Паралимпиадада 10 шақырымдағы шаңғы жарысында қола медаль жеңіп алды. Ал бүгінгі жарыста Александр сайыс кестесінің 5-нші сатысына жайғасты. Еске сала кетейін, Қытайда өтіп жатқан Ақ олимпиадада ел намысын 5 атлетіміз қорғайды. Олар спорттың 2 түрінен бақ сынап жатыр. Қазақстан құрамасы әзірге командалық есепте 19-шы орында тұр. Спортшыларымыз алдағы үш күнде де жарыс жолына шығады. Бейжіңдегі XIII Қысқы Паралимпиада ойындары 13 наурызда аяқталады. Ел қоржынына әлі де жүлде түседі деген үміт бар.
Қазақстан спортында күтпеген өзгеріс. Талғат Байсуфинов футболдан ұлттық құраманың бас бапкерлік қызметінен кетті. Бұл қызметті енді уақытша Андрей Карпович атқарады. Жаңа жаттықтырушы бұған дейін «Қайрат», «Оқжетпес», «Қызыл-Жар» командаларының бас бапкері болған.
Менде бүгінге осы. Елдегі және әлемдегі спорттың басты жаңалықтарын бірінші болып бізден біліңіздер. Әділет, сөз сенде.
Рақмет, Асылбек! Ал, біз жаңалықтарымызды жалғастырамыз.
А. Данияр