Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданындағы «Темір көпір» бекетінің тұрғындары мектеп салып беруді сұрайды. Ауылдағы білім ордасы ескі, бала оқытуға жарамайды, дейді жұрт. Темір бекетте жаңа мектеп екі жыл бұрын ашылуы тиіс болған. Алайда, мердігер бөлінген қаржы жетпейді деп құрылысты тоқтатып қойған. Мәселенің мән-жайын толығырақ тілшіміз Гүлвира Сейтенова тарқатады.
Қазір балалар оқып жатқан нысан 1938 жылы салынған. Бұрын бұл ғимарат вокзал болған. Қазір оның жартысы-мектеп, жартысы-медициналық бекет. Құрқылтайдың ұясындай тар жерде төрт класс оқиды.
Гүлвира СЕЙТЕНОВА, ТІЛШІ:
Темір көпір мектебінде төрт бөлме бар. Екеуінде балалар сабақ оқиды, ал тағы екеуінде мұғалімдер отырады. Бұл жерде кітапхана, асхана және спорт залы атымен жоқ. Есесіне, барлық бөлмеге бейнебақылау камерасы қойылған.
Сынып бөлмелері пешпен жылытылады. Ыстың иісі қолқаны қабады. Жақында темір пештен от шығып, өртенген. Абырой болғанда, сыныпта ол кезде оқушылар болмапты.
Нәдірбек ЕСЕНБАЕВ, ТЕМІР КӨПІР БЕКЕТІНІҢ ТҰРҒЫНЫ:
Мынау саманнан салынған, шөгіп жатыр, жігі ажырайын деп тұр. Жылда майлап, аппақ қылып ақтап қояды, сентябрь жақындағанда.
Осында бастауыш сыныптарды аяқтаған соң, ұл-қыздар әрі қарай көрші ауылдағы мектеп-интернатта жатып, оқуға мәжбүр. Ата-аналар бұған наразы.
Гүлмира ТӨЛЕГЕНОВА, "ТЕМІР КӨПІР" БЕКЕТІНІҢ ТҰРҒЫНЫ:
Интернатта 30 бала, 30 бала осында оқиды. Далада 10 шақты бала бар. Олар мектеп болмаған соң, ата-анасы интернатқа бергісі келмеген соң, вынужденно Ақтөбеде оқып жатыр, біреудің үйінде.
Мектеп құжат жүзінде апатты деп танылмаған. Алайда, Мұғалжар аудандық білім бөлімінің басшысы Ғайни Нұрсұлтанова бұл жер балалар үшін қауіпті екенін мойындайды.
Ғайни НҰРСҰЛТАНОВА, МҰҒАЛЖАР АУДАНДЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
Қауіпті болғандықтан, осы елді-мекеннен мектеп салынғанға дейін басқа ғимарат қарадық. Егер қаржы бөлінсе, алып, мектеп балаларын әзірге сол жерге мектеп салынғанша оқыту жоспарымыз бар.
Темір көпір бекетінде балалалар санының көбеюіне байланысты негізгі мектеп салу үшін 2018 жылы смета жасалып, қаржы бөлінген. Тендер өтіп, құрылыс 2019 жылы басталуы тиіс болған. Бірақ, әлі күнге дейін мектептің іргетасы қаланбаған. Себебі, құрылыс компаниясы материалдың қымбаттағанын айтып, қосымша қаржы талап еткен көрінеді. Енді облыстық құрылыс басқармасы 60 балаға есептелген мектеп құрылысы үшін 242 миллион теңгеге сұраныс берген.
Нағымжан АЛДИЯРОВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ ҚҰРЫЛЫС БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Біз қайтадан бюджеттік заявканы облыстық маслихатқа тапсырдық. Алдағы уақытта сессияда депутаттар қарап, қаржы бөлінген жағдайда біз құрылыс мәселесін келісім-шарт жасаған мердігермен жалғастыратын боламыз.
Алайда, тұрғындар мектеп салынбайынша "балаларды оқуға жібермейміз”, - дейді. Жаңа білім ошағы биыл бой көтерсін деп талап етіп отыр.
Г. Сейтенова