Елімізде жыл сайын 50 мыңнан астам жыртқыш құс электр тоғына түсіп өледі. Олардың жартысынан көбі Қызыл кітапқа енген. Мамандар бұл алаңдатарлық жағдай дейді. Неге? Ол туралы тілшіміз Аружан Серіктің бейнематериалында.
Аружан СЕРІК, ТІЛШІ:
Бұл – бүркіт. Жыртқыш құстар үшін жазық жерде ұшу қауіпті. Себебі, ол қонақтайтын төбе жоқ. Сондықтан, электр желілеріне қонып, тоққа түсетін көрінеді. Мамандардың статистикасы бойынша, әр он шақырым сайын үш құс өледі. Қатары сиреп бара жатқан құстарды қорғаудың жолын мамандар әзірге таба алар емес.
Қыран бүркітті қолына қондырып, серілерше сергек тұрған Ерасылдың жасы он екіде. Бүркіті өзінен он бес жас үлкен. Саятшылықты бала күннен меңгергесін оны баптау қиындық тудырмайды дейді. Қыран құстың қыр-сырын әкесі үйретіпті.
Ерасыл СЕРІКБЕКҰЛЫ, ЖАС БҮРКІТШІ:
Витамин береміз. Витамин арқылы олар өседі және ауырмайды. Жабайы құстар мен аңдардың етін береміз. Көгершін атып, қоян аулап, кейде ет болмағанда, жылқының етін береміз.
Бірақ, құстың бәрін Ерасыл сияқты ешкім баптап отырған жоқ. Еркін ұшып жүретіндер болады, олар қолға үйретілмейді. Биік төбе таппағандары электр желілеріне қонады. Тоқ ұрып, сеспей қатады. Энергетика министрлігінің мәліметінше, елімізде жыл сайын Қызыл кітапқа енген 9 мыңға жуық құс өледі.
Алмат АБАЕВ, ОРНИТОЛОГИЯ ЖӘНЕ ГЕРПЕТОЛОГИЯ ЗЕРТХАНАСЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ:
Бұл орайда өзге елдерден үлгі алу керек. Мәселен, АҚШ, Еуропа елдерінде жыртқыш құстарды қорғау туралы арнайы конвенция бар. Олар құстар көп қонақтайтын өңірлердегі электр желілерін изолятормен жабдықтаған. Ал Қазақстанда осы мәселеге арнайы көңіл бөліп, зерттеу жүргізілмейді.
Мәселені шешудің жалғыз жолы -электр желілерін арнайы құрылғымен қаптау дейді мамандар. Бірақ бұл қомақты қаржыны талап ететін көрінеді.
Вера ВОРОНОВА, ҚАЗАҚСТАН БИОАЛУАНТҮРЛІЛІКТІ САҚТАУ АССОЦИАЦИЯСЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:
Экологиялық кодексте электр желілерін қолданудағы талаптарды реттейтін жаңа бап енгізілді. Дегенмен, бұл жеткіліксіз. Меніңше, ең бастысы - бақылау. Өкінішке қарай, бізде облыстық деңгейдегі экология департаментінен, электр желілерін жүргізетін кәсіпорындардан тұрақты бақылау жоқ. Соның кесірінен әрекеттер де заңға қайшы.
Бақытжан ИСАХАЙ, ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖАНУАРЛАР ДҮНИЕСІ КОМИТЕТІНІҢ БАС САРАПШЫСЫ:
Табиғатта баланс бар ғой, әр жануардың өзінің атқаратын орны бар. Ол жануар азайса, басқа жануарларға, басқа өсімдіктерге әсері тиеді, әрине. Бірақ біз бұған кедергі бола алмаймыз ғой.
Мамандар табиғи тепе-теңдік бұзылып жатыр деп дабыл қағуда. Қанаттылардың мүлдем жойылып кету қауіп бар. Сондықтан мәселе тезірек шешілуі керек дейді.
А. Серік