Елде қант бар. Тапшылық болмаған, болмайды да. Үкімет отырысында Сауда және интеграция министрі азық-түлік қоймаларындағы қор үш айға жететін айтты. Тіпті, барлық базарлар мен дүкендерде аталған тауар таусылмаған, дейді. Тілшілеріміз сауда желілері мен базарларды аралап, қант іздеп келді. Бірақ, табу қиынға соқты.
Бұл видеода халық қантқа кезекте тұр. Бірнеше күннен бері сауда орындары тұрғындарға 5 келіден артық қант сатпай жатыр. Тіпті, кейбір дүкен сөрелерінде тауар орны бос тұр. Базардағы жағдайдың да оңып тұрғаны шамалы. Саудагерлердің сөзінше, қант 1 аптадан бері жоқ.
БЛИЦ:
- Қант жоқ, фирмада болмай тұр ғой. Звандасақ жоқ дейді олар.
- Запас көріп тұрған жоқпыз ешқандай. Ешқандай қант жоқ, күннен-күнге баға қымбаттап жатыр.
- Қантты қысқасы, фирмалар әкеліп жатқан жоқ, болды.
Қазір қанттың бағасы әр өңірде әртүрлі. Кейбір өңірлерде келісін 600, 500 теңгеден саудалап жатса, батыс аймақта 400 теңгеге жуықтайды. Сатып алушылардың сөзінше, қант бар. Саудагерлер оны әдейі тығып отыр, дейді.
БЛИЦ:
- Олар өтірік айтады. Тәркілеу жүргізсе олардан 1-2 қап қант табады. Мен сенбеймін! Кеше болды бүгін аяқ астынан жоқ. Олай болуы мүмкін емес.
Министр Бақыт Сұлтанов жексенбі күні базар аралап, бағаны зерделепті. Айтуынша, қанттың келісі 400-600 теңгеден саудаланып жатыр. Дегенмен инфляцияға қарсы қабылданған іс-шаралар қабылданатын болады деді. Ал, Ауыл шаруашылығы министрі жағдайды түсіндірді. Оның сөзінше, қанттың 40 пайызы елде өндіріледі. Қалғаны шетелден импортталады, көп мөлшері Ресей мен Беларусь елдерінен. Одан бөлек, өндіріске қажетті шикізаттар да басқа мемлекеттерден әкелінеді, дейді. Бастысы, бұл екі елмен сауда-саттық тоқтаған жоқ.
Ербол ҚАРАШӨКЕЕВ, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРІ:
Сол шетелден алынып келетіні себептен оның да бағалары өсіп жатыр. Әлем деңгейінен алатын болсақ қанттан басқа азық-түлік бағасы да өсіп жатыр, күрт өсіп жатыр. Доллардың бағасы өскен соң ары кетсе бір 60-70 теңгеге өсетін шығар.
Жауапты ведомство басшылары тұрғындарға дүрлігуге негіз жоқ екенін айтып, алаңдамауға шақырды. Ерболат Қарашөкеев елде 90 мың тонна қант қоры бар екенін айтты. Бұдан бөлек, жиында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру жайы сөз болды. Үкімет басшысы бұған әкімдер ерекше көңіл бөлуі тиіс, деді. Десе де, жыл сайын көктемде көкеністің қымбаттайтыны бар. Министрлік оның алдын ала ала ма?
Ербол ҚАРАШӨКЕЕВ, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРІ:
Көкөністің бағасы өссе 0,1 пайыздан 1,5 пайызға дейін өседі. Маусым айының басында тек қана картоп қажеттілігі болады. Біз Өзбекстан Республикасымен келісіп қойдық 20 мың тонна картопты алып келеміз.
Ұлттық банк төрағасы геосаяси жағдайдың нашарлауы мен сыртқы тәуекелдерді ескере отырып, инфляцияны арттыру болжамы қайта қаралып жатқанын айтты. Өкініштісі, өткен айда жылдық инфляция 8,5 пайыздан 8,7 пайызға дейін өскен. Салдарынан нан-тоқаш өнімдері, жарма, сүт өнімдері мен көкөніс құны 10 пайызға қымбаттаған.
А. Данияр