Ауа райы -
Негізгі / Жаңалықтар / Жыл басынан бері 450 бала жол-көлік апатынан зардап шекті

Жыл басынан бері 450 бала жол-көлік апатынан зардап шекті

Бар-жоғы 2 жарым ай ішінде жол-көлік апатынан 450-ге жуық бала зардап шегіп, 10-ы қайтыс болған. Ішкі істер министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, соңғы аптада балалардың өліміне әкеп соққан жол-көлік оқиғалары көбейіп кетіпті. Бұған көлік жүргізушілерінің  көлікті ішімдік ішіп басқаруы, жол ережелерін сақтамауы басты себеп дейді.

Шұғыла ТҰРЛЫБЕК, ҚР ІІМ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ ӨКІЛІ:

Жамбыл облысында жүргізуші мас күйінде көлік жүргізіп, Сарыкемер-Түймекент автожолында жаяу жүргіншіні қағып кетті. Нәтижесінде екі жасар бала қаза тапты, баланың анасы ауруханаға жатқызылды. Ал 10 наурызда Нұр-Сұлтан қаласында Сығанақ көшесіндегі үй ауласында жүк көлігін жүргізуші мектеп оқушысын қағып кетті, 9 жасар қыз бала қаза тапты.

Күні кеше ғана Маңғыстау облысында жаяу жүргіншілер жолында алты жастағы қыз баланы көлік қағып кетті. Оқиға Мұнайлы ауданына қарасты Маңғыстау ауылында болған. Абырой болғанда бала аман. Ол дер кезінде аудандық ауруханаға жеткізілген. Медициналық көмек көрсетілгеннен кейін үйіне босатылды. Облыстық полиция департаменті көлік жүргізушісіне әкімшілік хаттама толтырылғанын мәлімдеді.

Т. Әлжанов