$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Украина Президенті алғаш рет ресейлік БАҚ-қа сұқбат берді

AstanaTV
28.03.2022ж. 20:00
807
Украина Президенті алғаш рет ресейлік БАҚ-қа сұқбат берді

Украина Президенті Зеленский Ресей әскері ел  аумағынан шығарылмайынша ешқандай келісімге бармайтынын мәлімдеді. Себебі, кез-келген келісім референдум негізінде халықтың қалауымен жүзеге асады. Ол елдің бейтарап статусқа ие болуы үшін жасалатын референдумға мемлекеттен  қашып жатқандардың барлығы қатысуға құқылы екенін атап өтті. Өйткені, атыс, жарылыс, шабуыл тоқтаса,  босқындардың 90 пайызы 1-ақ күнде елге оралатынына сенімді екенін жеткізді. Президенттің мәліметінше, елден кетіп жатқан тек әйелдер мен балалар, ер адамдар ешқайда қашпаған.   

Владимир ЗЕЛЕНСКИЙ, УКРАИНА ПРЕЗИДЕНТІ:

Қауіпсіздік кепілі мен бейтараптық, біздің мемлекетіміздің ядролық статусы... Біз бұл келісімдерге баруға дайынбыз. Бұл- ең негізгісі. Бұл Ресей Федерациясы үшін де ең маңызды сауал болатын. Естеріңізде болса, олар осы үшін соғыс бастаған болатын. Олар қазір өзге шарттарын айта бастады. Бұл келісімдер жәй сөз ретінде қалмай, қауіпсіздіктің барлық кепілдіктерін беретін күшіне енген құжат болуын талап етемін.

Еске салсақ, бүгін Украина мен Ресей арасындағы әскери іс-қимылдардың жүріп жатқанына 32-күн. Осы ретте еліміздің Бас Прокуратурасы қазақстандықтарды әлеуметтік желілерде арандату сөздерінен аулақ болуға шақырады. Ел азаматтарының  шет мемлекет аумағындағы соғыс қимылдарына құқыққа қайшы қасақана қатысуы, ұлттық алауыздықты қоздыруы және БАҚ, телекоммуникация желілерін пайдаланып, екі тарап азаматтарының қадір-қасиетіне қол сұғушылығы болса,   10 жыл бас бостандығынан айыру   жазасы қарастырылған . Ал, жалған ақпарат таратқандар  7 жылға бас бостандығынан айрылады делінген Бас Прокуратураның хабарламасында.

Л. Қуанышқызы