Ақмола облысы Тайтөбе ауылының тұрғындары жеті жылдан бері түтінге тұншығып отыр. Елдімекенге жақын орналасқан Қосшы қаласынан шыққан күл-қоқыс осы ауылдың маңайына төгіледі. Ол өртенген кезде дем ала алмай қаламыз дейді көпшілік. Бірақ мәселені шеше алмай келеді. Тайтөбеліктердің жанайқайын тілшіміз Тәжімұрат Әлжанов жеткізеді.
Тәжімұрат ӘЛЖАНОВ, ТІЛШІ:
Бұл -Тайтөбе ауылындағы қоқыс алаңы. Арнайы полигон емес. Сондықтан ешқандай талап сақталмаған. Тіпті қоқыстар сұрыпталмайды. Мұнда қоқыс көбіне Қосшыдан әкелініп, төгіледі екен. Өртенген кезде әсіресе, жаздың күні тайтөбеліктер түтінге тұншығып қалады. Бұл мәселені көтеріп келе жатқандарына 7 жыл болған.
Жүз гектар жер қоқыс алаңына айналған. Желді күні тұрмыстық қалдықтар ұшып, ауылға барады. Күн жылынса, жағымсыз иіс қолқаны қабады. Тіпті терезені ашып, таза ауамен тыныстауға мүмкіндік болмайды дейді тұрғындар.
Әлия ҚАЛИАСҚАРОВА, ТАЙТӨБЕ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Өзімнің балам аллергиядан жаз бойы нетіп шығады. Былтырдан бастап оған астма қосылды. Прям демала алмай қалды. Мен ана жолды бөгеймін. Машинамды қойып қоям да, бір мусоровой жібермеймін. Болды тоқтатыңдар. Бір шешім керек. Шаршадық.
Тайтөбелік тұрғындардың шағымданбаған жері қалмаған. Экология департаментінің мамандары заң шеңберінде жұмыс істеп жатырмыз дейді.
Арыстанбек ТАСҚЫНБАЕВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ЭКОЛОГИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫ ОРЫНБАСАРЫНЫҢ М.А:
Әкімдік өзі мойындады ғой «Қосшы Тазалық» күніне 4 автокөлік қоқыс шығарады деп. Осыған байланысты біз тексеру жұмыстарын жүргіздік. «Қосшы тазалық» жауапкершілікке тартылды. Айыппұлдары салынды. Және бұл жерге қоқыс шығармау жөнінде талап берілген болатын.
Бірақ мәселе мұнымен шешілмеген. Көліктер әлі де қоқыс әкеп төгіп жатыр. Жергілікті әкімдіктегілер қоқыс алаңын тазартуға 100 миллион теңге қаржы бөлінгендігін айтты. Алайда, талап бойынша қалдықты сұрыптап, орнын тазалау қажет дейді. Оған қаржы жеткіліксіз.
Мәди АХМЕТОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Бүгін демейміз, ертең демейміз бірақ осы мәселенің барлығын анықтап алғаннан кейін облыстық әкімшілік бар, аудан әкімшілігі бар, министрлікпен бірлесе отырып, шешім қабылдап осы жерде, керек болса депутаттық сауал жолдап Үкіметтің алдына. Бұл мәселе жалғыз емес. Мына облыста 200-ден астам заңсыз қоқыс полигондары пайда болған.
Қосшы қаласы мен Тайтөбе ауылының маңынан талапқа сай полигон салуға рұқсат жоқ. Өйткені елдімекендер ел астанасына өте жақын орналасқан. Сондықтан мамандар ауданнан басқа жерді белгілеп, сол бойынша ұсыныс беруі керек.
Т. Әлжанов