$521.9 €593.5 ₽6.39
×

«AMANAT» партиясы жанындағы «ТALQYLAU» қоғамдық диалог алаңы жұмысқа кірісті

AstanaTV
29.03.2022ж. 20:00
1175
«AMANAT» партиясы жанындағы «ТALQYLAU» қоғамдық диалог алаңы жұмысқа кірісті
Бүгін «AMANAT» партиясының Қоғамдық саясат институты жанынан «TALQYLAU» жаңа диалог алаңы өз жұмысын бастады.Тұщымды пікірлер мен салмақты ойлар, ұсыныстар айтылған алаңның алғашқы жиыны сұрақ-жауап негізінде өтті. Жиналғандар созбалаң сөзге салынбау үшін арнайы таймерге жүгініп, тікелей эфирде маңызды сауалдарға жауап берді. Жиынның жаңалығын әріптесім жеткізеді.

Дүйім жұрттың алдында тікелей эфирде өткен «TALQYLAU»-дың алғашқы отырысын Асхат Оралов ашты. Ол елдің Арыс, Мақтаарал, пандемия, экономикалық дағдарыс сияқты сынақтардан өткенін айтып, алдағы сын-қатерлерге сақадай сай болуымыз керек деді. Осы ретте «AMANAT» партиясының арқалаған жүгі ауыр. Себебі, алда саяси жүйені толық трансформациялау жұмысы тұрғанын жеткізді.

Асхат ОРАЛОВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫ:

Біз қолымыздан келгенше барша партияластарымызға мүмкіндік жасауымыз керек. Мүмкіндік беру керек. Бірақ одан кейін адамның өзіне байланысты. Ол егер бұл мүмкіндікті пайдаланып, өз потенциалын игерсе, адал қызметтің арқасында абыройға ие болса ол шүкір. Енді Парламентте көбі «Amanat» партиясының мүшелері, мәслихаттар да сол. Енді мәслихаттардың жаңа толқыны оянуы керек. Жаңа форматта жұмысты үйлестіруі керек.
 
Отырыс Президенттің жуырдағы жолдауын талқылауға арналды. Тікелей эфирде онлайн көрермендерден 700-ден астам пікір, сауал кеп түскен. Сарапшылар еліміздің саяси жүйесін өзгерту, аралас сайлау, демократиялық катализаторлар туралы ой қозғады. Олар ауыл әкімінен бастап барлық лауазымды тұлғалардың жұмысындағы кемшіліктердің тізімін жасаған жөн, дейді.

Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Бұны болашақта жалғастырып, нақты нақты проблемалармен тоқталсақ, қалай шешу жолдарын қарастырып, тек қана жәй талқылау емес, шешу жолдарын қарастыру. Тиісті мемлекеттік органдарды шақырып, сарапшыларды шақырып, нақты нақыт шешімдерді іздеп бүкіл қауыммен талқылап, жаңа жобаларды да осы жерде шығару керек деп ойлаймын.

Иә, алқалы жиындағылардың барлығы бір ауыздан өзгерісті өзіңнен бастау керек деген пікірде. 30 жылда жеткен жетістік жоқ емес, алайда алға жүру кемшіліктерді жөндеуден басталады деп отыр. Бюджеттегі ысырапшылдықты реттеп, үйсіз-күйсіз жүрген халықтың жағдайын жасау керек. Әрі соған келе жатырмыз, сондықтан осындай ашық жиындар ауадай қажет дейді халық жанашырлары.
 
Мұрат ӘБЕНОВ, МЕМЛЕКЕТ ЖӘНЕ ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ:

Саяси реформа деген ол қағазбен жасалмайды. Адамдар өзгеруі керек. Бүгінгі талқылау не үшін керек?! Әрине, ол президент өзгерістер болады деп айтты. Бірақ, барлығы өздері шеше алмайды. Шешпеуі керек те. Қоғам шешуі керек, біз әріптес болуымыз керек. Бұндай алаңдар бізге керегі ашық пікір алмасу. Бұл жерде партияда сіздердің пікірлеріңіз қандай екен деп бізден сұрағаны меніңше өте дұрыс.

Оның ойынша, халық үніне құлақ асатын мемлекет қана емес, ашық айтатын қоғам да қажет. Себебі, Президент айтқандай, мажаритарлық жүйе болса, сөз бостандығы бар, айтарынан тосылмайтын депутаттар қалыптаспақ. Ал, жаһанды тұрақсыздық жайлаған сәтте өзгерістерге бет алу оңай емес. Сондықтан, партия тек ребрендингпен шектеліп қалмайды. Бүгінгідей ашық жиындар ұйымдастырып, халықпен қоян-қолтық қатынаста болмақ. Бұған өз ұсыныстарын айтқан жас буын өкілдері де әзірміз,- деді.

Тілектес АДАМБЕКОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Мен депутат ретінде, мысалы, басқа өңірлерге шыққан кезде өкінішке орай бізге көбінесе жергілікті мәслихаттың депутаттары шешетін сұрақтарды бізге келіп айтады. Негізі ол жергілікті депутаттардың шешетін сұрақтары. Сол үшін менің ойымша сол жергілікті мәслихаттың содан басқа мынау қоғамдық кеңестердің жұмысын күшейту керек.

Бұдан өзге, жиналғандар жекелеген азаматтардың өз партияларын құруға деген талпыныстары туралы да ой бөлісті. Партия болғаны жөн, алайда популизм толқынына берілмеу керек, дейді олар. Ал, «TALQYLAU»-дың келесі отырыстары подкаст, дебат, пікірталас түрінде айына бірнеше рет ұйымдастырылмақ. Көкейкесті сұрақтар мен тақырыптар  қоғамдық саясат институтының Телеграм-арнасында дауыс беру қорытындысы бойынша анықталмақ.

Л. Қуанышқызы