$521.9 €593.5 ₽6.39
×

"Барселона" Мессиге қатысты шешім қабылдады

AstanaTV
29.03.2022ж. 20:00
916
"Барселона" Мессиге қатысты шешім қабылдады

Кезек, әдеттегідей спорт жаңалықтарында. Онымен әріптесім Асылбек Данияр таныстырады. Асылбек, спорт әлемінде қандай жаңалықтар бар?

Кеш жарық! "Барселона" футбол клубы Мессиге қатысты шешім қабылдады. Осы және өзге де ақпараттар сәлден соң.

Атақ үшін жасандылықтың не керегі бар?! Қазақстан спортын артқа тартатын тағы бір жағдай анықталды. Бұл жолы да –  ауыр атлетикадағы допинг дауы. Күш беретін дәрілік затты қолданған 6 спортшы белгілі болды. Арасында Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Игорь Сон да бар. Ақпан-наурыз айларында Ұлттық допингке қарсы күрес орталығы жарыстан тыс допинг-бақылау жүргізді. Ауыр атлетика федерациясының ресми сайтындағы ақпарат бойынша, сынамасы оң нәтиже көрсеткендердің бәрі - Алматы облысының спортшылары. Допингке нөлдік төзімділік саясатын ұстана отырып, енді бұл оқиғаға қатысты ішкі тергеу жүргізілмек.

Геннадий Головкин Азияның ең танымал 5 боксшысының қатарына енді. Былғары қолғап шеберлеріне арнап  жасалған коллаждың астында «Азия – континент жұлдыздары» деп жазылған. Сонымен бірге, орта салмақтағы қазақстандық IBF және IBO чемпионы Жапониядағы титулды жекпе-жегі алдында әлеуметтік желідегі парақшасында жанкүйерлеріне арнап жазба қалдырды. Онда: "қай жерде болсаң да дайындықты жалғастыр. Үзіліссіз жаттығу" деп жазылған. Еске сала кетейін, Головкин мен Риота 9 сәуірде шаршы алаңға шығады.

"Барселона" Мессиге қатысты шешім қабылдады. Клуб басшылығы "ПСЖ" шабуылшысы Лионель Мессиді командаға қайта шақыруға ниеті жоқ екенін хабарлады. Осы уақытқа дейін футболшы мен оған қатысы бар адамдар да командағы оралу туралы ұсыныс жасамаған болып шықты. "Барселона" жетекшілері қазір жас ойыншылардан құралған жаңа команда жасақтауға кірісіп кеткен.

Криштиану Роналду карьерасын аяқтауға қатысты сұраққа жауап берді. Португалия құрамасы мен "Манчестер Юнайтед" шабуылшысы бұл мәселеге былай деп нүкте қойды.

Криштиану РОНАЛДУ, ФУТБОЛШЫ:

Болашағым туралы тек өзім ғана шешім қабылдаймын. Егер ары қарай ойнағым келсе, ойнаймын. Ойнағым келмесе, карьерамды аяқтаймын.


Менде бүгінге осы. Елдегі және әлемдегі спорттың басты оқиғаларын бірінші болып бізден біліңіздер. Әділет, сөз сенде.
Рақмет, Асылбек! Ал, біз жаңалықтарымызды жалғастырамыз.

А. Данияр