Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Қатты желден келген шығын мөлшері есептелуде

AstanaTV
30.03.2022ж. 20:00
905
Қатты желден келген шығын мөлшері есептелуде

Қолайсыз ауа райынан алты адам зардап шекті. Оның үшеуі бала. Мұны төтенше жағдайлар министрлігі хабарлады. Екпіні қатты жел дүйім жұртты дүрліктірді. Бораннан жаяу жүргінші түгілі көліктің өзі қозғала алмай қалды. Жарық өшіп, жол жабылды. Ауа райының қолайсыздығына байланысты жедел штаб құрылды.   

Алматы мен Жетісу, Жамбыл облыстарында қатты жел тұрып, ағаштар тамырымен құлады. Көпқабатты үйлердің шатырлары ұшып кетті.
 
Ал арқада боран бет қаратпады. Жол белгісіне кенедей жабысқан мына көрініс, бір қараған адамға күлкілі болып көрінгенімен, жансақтаудың амалы. Ал, жолда қалған көліктердің жайы адам аярлық. Жаураған жолаушылар жол бойында шұғыл ұйымдастырылған жылыту орындарында жеткізілді.
 
Павлодарда 24 ғимарат шатырсыз қалды. Оның ішінде  мектеп, аурухана секілді әлеуметтік нысандар да бар. Қатты дауыл Қарағандыдағы 5 қабатты үйдің шатырын да ұшырып әкетті.
 
Иван СОКОЛОВ, ҚАРАҒАНДЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
 
Шатырды қайта жөндеу тұрғындардың қалтасы көтермейді. Үйдің төбесі ашық қалды. Қар жауып тұр, боран басылған жоқ. Жел қарды ішке үрлеп тұр. Ол ток сымдарына түседі, ериді. Бұл өте қауіпті.

Бораннан үш қойшы үйлеріне жете алмай қалды. Нұр-Сұлтан қаласында төрт адам балыққа барып, жолдан адасты. Көктайғақта жығылғанға жұдырық болды.
 
Ескертулерге қарамастан алыс жолға шыққан көліктер аз емес. Бораннан "қарға адым" жер көрінбей қалды. Осының салдарынан жол апаты көбейген. «Екатеринбург-Алматы»  тасжолында бір мезетте 13 автокөлік соғылған.

Ақтоты БОРАНОВА, ҚР ІІМ ӘКІМШІЛІК ПОЛИЦИЯ КОМИТЕТІНІҢ ӨКІЛІ:

Оған себеп - ауа-райының күрт өзгеруі, көру мүмкіндігінің шектелуі. Ол жерде де ешқандай адам шығыны жоқ. Сол сияқты жол-көлік оқиғасы осы Нұр-Сұлтан қаласына бағыт алған авто жолдарда орын алған. Ол жерде шамамен 11 автокөлік соқтығысқан.

Жалпы бір тәулік ішінде Нұр-Сұлтан қаласы, Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай облыстарында 814 адам құтқарылды. Эвакуацияланғандардың 101-і бала және 3-і жүкті әйел. Қазіргі уақытта автожолдардың 86 учаскесі жабық. Оның 33-і республикалық, 53-і облыстық маңызы бар.

Эльдор РАЙЫМБЕКОВ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫ БОЙЫНША ТЖД БАСШЫСЫ:

Елорданың маңайында орналасқан елді мекендер қиыншылық туғызып отыр. Біздің құтқару қызметі келісім шарт бойынша 50 шаршы метрге дейін жұмыс істеу керек. Бірақ келіп жатқан ақпараттарға құтқару жұмысын жүргізу үшін біздің қызметкерлер 200 км дейін шықты.

Қатты желдің салдарынан 194 елді мекен электр қуатынсыз қалды. Нұр-Сұлтандағы әуежайда рейстер кешікті. 16 бағытқа ұшақ мүлде ұшпады.  

Тәжімұрат ӘЛЖАНОВ, ТІЛШІ:

Ауа-райының қолайсыздығынан келген шығын көлемін арнайы комиссия анықтамақ. Синоптиктер  болса Ақмола облысында бүгін де ұйытқыған жел, тұман болатынын ескерті. Ал ертеңнен бастап барлық өңірде күн жылиды деп болжады.  

Т. Әлжанов