Әрбір депутат қазақ тілін жеке есебінен үйрену керек. Оған олардың шамасы да, ақшасы да жетеді. Мәжілісмен Ерлан Саиров осындай пікірде. Ал Айдос Сарым әріптестерінің мемлекеттік тілді меңгеруге бөлінген 27 миллион теңгені көп емес, дейді. Қоғамдағы өткір мәселе тек шенеуніктермен шектелмейтіні белгілі. Жалпы, қазақ тілінің мәртебесін көтеру үшін ел Үкіметі не істеп жатыр? Осы бағытта бөлінген қаржының сұрауы бар ма? Тілшіміз тарқатады.
Жыл сайын қазақстандықтардың қазақ тілін үйренуге миллиондаған қаржы бөлінеді. Бірақ, оның қандай бағытта қалай, қайтіп жұмсалып жатқаны туралы есеп жоқ. Ақпарат та ашық емес, дейді Ерлан Саиров. Ол Үкімет басшысының орынбасарына осы мәселеге байланысты депутаттық сауал жолдады.
Ерлан САИРОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
Мемлекеттік тілді үйретуге бағытталған оқу-үйрету бағдарламаларының тиімділігі жөнінде қанша адам үйреніп шықты? Қанша адам тілдік бірінші, екінші сатыға өткендігі жөнінде сараптама жасау қажет.
Мемлекеттік тілді үйрену үшін халық қалаулылары болып жүрген депутаттарға бюджеттен бөлек қаржы қарастырылған. Оның соммасы биыл ашық айтылды, 27 миллион теңге. Депутат оны бос шығын деп есептейді. Өзін патриот санайтын Ерлан Саиров алдына 2 тілде ұсынылатын құжаттар яғни заң жобаларының тек қазақшасын қарайды екен.
Ерлан САИРОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
Депутаттардың арасында мемлекеттік тілді жетік білетін және басқа азаматтарға да өздері тегін үйрете алатын әлеуеті бар депутаттар бізде көп. Әрбір депутат мемлекеттік тілді жеке өзі үйрену керек.
Айдос Сарым керісінше, бұл бастаманы қолдайды. Осы арқылы депутаттар ең болмағанда тұрғындарымен сөйлесе алады, дейді. Сөйлей алмаған күннің өзінде түсінеді. Нәтижені VII шақырылымның мерзімі біткенше болады деген пайымда.
Айдос САРЫМ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
Менің ойымша, 27 миллион теңге деген көп ақша емес. Осында Астанада жүрген біраз қазақ тілін оқытушы мұғалімдерге еңбек орны, жақсы мүмкіндік.
Қазақ тілі білу заң жүзінде тек Президент лауазымына үміткерлерге ғана міндеттеледі. Олар тіпті емтихан тапсырады, депутаттарға ондай талап жоқ.
Айдос САРЫМ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
Алдағы уақытта бұндай заңға өзгерістер қажет болады және ол өмірдің талабы деп ойлаймын. Қазақстанның Парламентінде мемлекеттік тілді білмеу менің ойымша, жаңсақтық.
Ұлтты ойлайтын депутатқа қазақ тілін үйренуге 1 жыл жеткілікті. Бұрынғы депутат Оразкүл Асанғазы осы пікірде. Тіпті, осы мақсатқа бір тиын бөлудің қажеті жоқ, обал дейді. Сөзінше, депутаттар ұйымдастырылған сабақтарға қатыспайды. Оның орнына қаржыны балаларға тіл үйретуге, қазақ тілді фильмдер мен анимациялық өнімдерге бөлу керектігін айтты.
Оразкүл АСАНҒАЗЫ, ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ:
Парламентке ең жоғарғы білікті мұғалімді апарып қойып оларға аптасына 5 күн сабақ кестесін жазып қойған, бірақ бірде-бір депутат өзінің мемлекеттік тілді білмейтіндігіне қарамастан ол сабаққа бармайды. Төрт шақырылымның депутаты болып 4 ауыз сөз білмейтін депутаттар өте жеткілікті.
Үкімет секілді Парламенттегі жиындарды да толық қазақшаға ауыстыруға қатысты депутаттардан пікір сұрағанда 80 пайыз қазақшаға көштік, деді. Мәселен бүгін 19 депутаттық сауал болды, оның 10-ы орыс тілінде.
А. Данияр