$484.19 €524.28 ₽5.03
×

Қызылорда облысының шалғай ауылында мал шаруашылығын өркендету жоспарланып отыр

AstanaTV
28.06.2016ж. 20:00
2528
Қызылорда облысының шалғай ауылында мал шаруашылығын өркендету жоспарланып отыр

Мал шаруашылығын өркендету, заманға сай мәдениет үйі, мектеп, балабақша мен спорт алаңдарын салу. Бұл Қызылорда облысындағы  Көмекбаев ауылы тұрғындарының басты арманы. Облыс орталығынан шалғай орналасқан елді мекенде халықтың негізгі күн көрісі - бау-бақша. Тұрмысын түзеп, ауылдың ажарын келтіруге қолбайлау болатын қиындықтар баршылық. Әсіресе су тапшылығы елді талай жылдан бері қажытып келеді. Ауылдағы ағайынның тірлігі Шарипа Сақтапованың репортажында.

Кеңес Одағының батыры Тайымбет Көмекбаев атындағы ауылдың мал шаруашылығын өркендетумен даңқы шыққан еді. Осыдан жарты ғасыр бұрын бүкіл елге үлгі болған ауылдан қазір күй кеткен. Жайылым жер қалмады, су тапшы, - дейді халық. 

Сайлау Жаңабаев, Т.Көмекбаев ауылының тұрғыны:

Бізде шабындық мәселесі нашар, біз мынау Қуаңдария деген жерден прессты сатып аламыз. Бізге өйткенде айтылған: мына жерде шлюз саламыз, қоспа. Соны салса, ол кезде біз мал өсіреміз. Бізге шөп мәселесі, жем мәселесі қиын ғой. Біз Қызылорда жақтан алдыртатын болсақ, 400-500 келеді жоңышқа бір штугы. Қуаңдарияның өзінен 300 алып отырмыз бір штугын.

Ауыл халқы бау-бақша егуді күн көріс көзіне айналдырған. Оған керекті суды іргеде ағып жатқан Қуаңдария өзенінен алады. Аудан орталығынан 250 шақырым қашықтықта жатқан ауыл құмның ортасында орналасқан. Мұнда жастардың да қарасы аз. Ескі мәдениет үйінде аналар ансамблі ғана бар. Ауылдағы әлеуметтік мекемелердің ғимараттары әбден ескірген. 

Сабытбек Жолмаханов, Т.Көмекбаев ауылдық округінің әкімі:

Жастардың баратын жері, ойын-сауық өтетін жер өте көне боп тұр клубымыз. Клуб жаңартылса деген өтінішіміз бар. Балабақша да бұрынғы шаруашылык кеңсесіне орналасқан. Балабақшада елу бала тәрбиеленіп жатыр. Бірақ қазір тәрбиеленетін балалардың саны өсіп тұр. Әрі тарлық етіп тұр, әрі көне. Бүгінгі талаптарға сәйкес келмей тұр.

Балабақша тәрбиешісі Гүлстанды ауылдастары мақтан тұтады. Жоғарғы оқу орнын өткен жылы ғана бітірген жас түлек "Дипломмен ауылға" бағдарламасы арқылы туған ауылына оралған. 

Гүлстан Мәлікқызы, «Қуаныш» балабақшасының  тәрбиешісі:

Жұмысымды өзімнің ауылымнан, өзімнің туған жерімнен бастағаныма еш өкінбеймін. Өзінің мамандығын сүйсе, өзінің мамандығына ынтасы, жігері мол болса -  қашпау керек.

Шалғай ауылда 2 жарым мыңға жуық халық тұрады. Жуырда тұрғындардың қатары едәуір толықты. Әлеуеті төмен деп танылған Шобанқазған мен Кекірелі ауылдарынан елуге жуық отбасы осында қоныс аударған.

Айта кетейік, аталған қос елді мекен Қарақалпақстанмен шекарада орналасқан. Ал балабақша тәрбиешісі Гүлстанның ісінен өзге жастар да үлгі алып, туған аулын көркейтуге үлес қосса, құба құп болар еді. Ауылдағы көнекөз қариялардың тілегі осы. 

Шарипа САҚТАПОВА