Американың алдыңғы қатарлы университеттері қазақ тілін оқытып жүр. АҚШ азаматтарының тілмен бірге мәдениетімізге де қызығушылықтары жоғары көрінеді. Мұны сол жақта дәріс беріп жүрген отандасымыз айтты. Полиглот қазақ қызы Индиана университетіне қалай тап болды? Әріптесім Айсәуле Съезбек баяндайды.
Мөлдір Оразбаева бірнеше тілді жетік меңгерген. Ол қазір Америкадағы Индиана университетінде қазақ тілінен дәріс беріп жүр. Кәрі құрлыққа арнайы бағдарламамен ана тілімізді дәріптеу үшін барған.
Мөлдір ОРАЗБАЕВА, ИНДИАНА УНИВЕРСИТЕТІ ҚАЗАҚ ТІЛІ ПӘНІНІҢ ОҚЫТУШЫСЫ:
Қазір менде қазақ тілін оқитын үлкен 3 топ бар. Екі бастауыш тобы және бір орташа деңгейдегі топ. Негізі қазақ тілін оқытудағы америкалықтардың ынтасы өте жоғары. Қазақ тілін білу үшін, қазақ мәдениетін түсіну үшін интенсивті түрде жұмыс жасауда.
Әсіресе Индиана мен Джорджия университеттері қазақ тілін оқу бағдарламасына қосқан. Мөлдірдің айтуынша, Индианада Орта Азия елдерін тануға бағытталған факультеттер бар. Сондықтан студенттер осы өлкеге кіретін бір елдің тілін толық меңгеруі тиіс. Америкалықтардың қазақ тілін үйренуге деген қажеттілігі осыдан туындап отыр деді.
Мөлдір ОРАЗБАЕВА, ИНДИАНА УНИВЕРСИТЕТІ ҚАЗАҚ ТІЛІ ПӘНІНІҢ ОҚЫТУШЫСЫ:
Негізі америкалықтар үшін қазақ тілі ептеп қиындау. Себебі мүлдем басқа әліпби. Қаншама жұрнақтар, қаншама жалғаулар. Оның бәрін жаттау үшін және оған қоса төл дыбыстарымызды шатастырмау үшін қазір олар үлкен жұмыс атқаруда. Қазақ тілін тарату миссиясының маңызы мен үшін өте зор.
Мөлдір америкалық студенттерге тілмен қатар қазақ мәдениеті жайлы да дәріс оқиды. Осыған дейін асық ойнатып, наурыз көже пісіріп, ұлттық киімді көрсетіп сабақ өткізіпті. Айтуынша, Қазақстанға келіп, ел тануды мақсат етіп отырған ізденушілер аз емес. Дегенмен халықаралық бағдарламаның талабына сай Мөлдір мамыр айында сессияны аяқтап, елге қайтады. Ал қазақ тілі сабағының жалғасуы – студенттердің сұранысына байланысты болады деді.
А. Съезбек