$521.9 €593.5 ₽6.39
×

Семейде ағылшын курсы кабинетінен 11 келіден астам есірткі тәркіленді

AstanaTV
31.03.2022ж. 20:00
1227
Семейде ағылшын курсы кабинетінен 11 келіден астам есірткі тәркіленді

Семейде  ағылшын курсы кабинетінен 11 келіден астам есірткі табылды.  Ағылшын тілін үйретіп, өрісті кеңейтеді деген оқу орталығына оны әкелген кім? Мақсаты не? Жаңбырдан кейінгі саңырау құлақтай қаптаған курстарды кім қадағалайды? Сіз бен біз баламызды кімге беріп отырмыз? Бұл сұрақтарға тілшіміз Тәжімұрат Әлжанов жауап іздеді.

Бұл -Семейдегі ағылшын тілін оқытатын орталықтың бірі. Күдікті ретінде ұсталған Алматы қаласының 36 жастағы тұрғыны 11 келіден астам есірткіні,   еш қымсынбастан,  "өзім шегу үшін сақтадым" деп жауап берген. Күдікті енді 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Татьяна КАРПОВА, ШҚО ПД ІШКІ ЖӘНЕ СЫРТҚЫ КОММУНИКАЦИЯ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Оқу бөлмесіне тінту жүргізу барысында өсімдік тектес жасыл түсті зат салынған полиэтилен қапшыққа оралған картон қорап табылды. Сараптама қортындысына сәйкес, тәркіленген зат кептірілген марихуана болып шықты.

Елімізде 500-ден астам жеке оқу орталығы тіркелген. Оның бірде біреуіне білім және ғылым министрлігі тексеру жүргізе алмайды. Оқу орталығын ашуға рұқсат берумен де айналыспайтындарын айтады.    

Ғабит АБЗАЛБЕК, ҚР БҒМ ТІЛ САЯСАТЫ КОМИТЕТІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
 
Жеке меншік тіл үйрету орталықтарына тиісті қызметпен айналысу үшін білім және ғылым министрлігінің құзыретіне кірмейді. Тиісінше білім және ғылым министрлігінің олардың бұл саладығы қызметін бақылауға құзыреті жоқ.

Қызылорда қаласының тұрғыны Мереке Жалғас шет елде білімін жетілдіргісі келеді. Тілді меңгеру үшін курс таңдап жүр. Бірнешеуіне барып көріпті. Бірақ көңілінен шықпаған.

Мереке ЖАЛҒАС, ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Үш күн көрдім ол жақта. Бірінші күні жақсы өтті. Бірақ екінші, үшінші күні маған ұнаған жоқ. Яғни, мұғалімнің сабақ беруі, сабақты жүргізуі және мұғалімнің өзінің қалай ұстау керектігі. Сол себепті ол курсқа жазылған жоқпын. Кетіп қалдым.

Ал Бөгенбай Серікбай - білім курстарына арналған бірнеше платформаның авторы. Оған нарықта сұраныс жоғары дейді. Бірақ оқу курсын таңдағанда мұқият болу қажеттігін ескертеді.  

Бөгенбай СЕРІКБАЙ, ЖОБА АВТОРЫ:

Инфа цыгандар дейді ғой. Сол сияқты болып кеткен жағдайлар бар. Мысалы математиканы 1 айда үйретеміз деп өтірік реклама, жарнамаларды жасап, балаларды тартады. Балалардың, ата-ананың таңдауы ғой бұл жерде. Бала мен ата-ана егер оқимын деп таңдаса курс деген ол ұзақ дүние. Білім алу қысқа емес. «Жоқ, тез-тез, волшебная таблетка» іздейтін болса, балаға онда, әрине, қиындық туындайды деп ойлаймын және де алданады, маркетингке ілінеді.


Оқу курсын ашу оңай бизнеске айналған. Бар болғаны кәсіпкер ретінде тіркеліп, салық төлесеңіз болғаны. Ал сапаны бақылап қадағалап жатқан ешкім жоқ. Қасқырға қой бақтырып жүрміз деген сөз.

Т. Әлжанов