Елімізде жүргізуші куәлігін сатуды кәсіпке айналдырғандар бар. Құжатты арнайы сынақсыз, ешқандай емтихансыз санаулы күнде алып беремін дегендерді қиналмай табуға болады. Куәліктен кіріс тапқандар өз жарнамаларын әлеуметтік желіде ашық жариялаудан еш қымсынбайтын көрінеді. Сонда олар кімге сенеді? Олардың артында кім тұр? Мәселені тілшіміз Әділжан Бердібеков зерттеп көрді.
Әділжан БЕРДІБЕКОВ, ТІЛШІ:
Жүргізуші куәлігін алып беремін, алуға көмектесемін" деген жарнама әлеуметтік желіде жетеді. Заңсыз қызметтің ақысы да ашық айтылады. Саудасына келіссеңіз, 100-130 мың теңгеге ісіңіз бітеді, тек санатына қарай баға шарықтай түседі. Біз де солардың біріне хабарласып көрдік.
- Ассалаумағалейкум, қалыңыз қалай?
- Жақсы кім екен?
- Номеріңізді интернеттен алып едім. Жүргізуші куәлігін жасату бойынша?
- А, иә, иә.
- Права жасайсыздар ма?
- Иә, жасаймыз. Қандай керек сізге?
- В категориясы керек. Қанша болады?
- 150 болады. Қараңыз, сіз 100 пайыз төлем жасайсыз. И біз 1 айда дайындап қолыңызға ұстатамыз. Документтің бәрін өзіміз дайындаймыз.
- Қай қала болса да маңызды емес па?
- Маңызды емес.
Өздеріңіз естігендей, өзін Айдын деп таныстырған азамат қызметінің құнын 150 мың теңгеге бағалап отыр. Жүргізуші куәлігін бір айда ала аласыз. Бірақ, "бұл-алаяқтық әрекет" дейді полицейлер. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша жыл басынан бері 8 тұрғын куәлік сатып алуға көмектесемін дегендерге сеніп, алданғанын айтып арызданған.
Эльвира ШӘУЛЕНОВА, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАЛЫҚ ПД БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
Оның ішінде 5-і электронды әмияндарға ақшасын салып, кейін алданғанын біліп, полицияға хабарласқан. Қалған 3-і қолма-қол берген, қазірде ол азаматтар ұсталды.
Куәлікті делдалдар арқылы алудың заңсыз екенін көзі ашық жандар жақсы түсінеді. Десе де, арнайы сынақтан сан мәрте құлап, уақытын текке кетіруге көбісі құлықты емес. Сондықтан үйде жатып, керек құжатына тапсырып беріп, оңай алуды қалайды. Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы жанындағы мониторинг агенттігі мұндай заңсыздықтың жолын кесуге барынша тырысуда.
Дәулет ЕЛЕМЕСОВ, "АЗАМАТТАРҒА АРНАЛҒАН ҮКІМЕТ" МЕМЛЕКЕТТІК КОРПОРАЦИЯСЫНЫҢ ҚАУІПСІЗДІК ЖӨНІНДЕГІ БАСҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:
Біз әрдайым талдама жасап, заң бұзушылықтар анықталса, жарнама берушінің ақпараттарын құзырлы органдарға шара көруге жолдаймыз. Соңғы 7-8 айда Нұр-Сұлтан қаласында аталған тақырыпта жарнама берген 50 азаматты анықтадық.
Ал сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері шикілік сыртта емес мемлекеттік корпорацияның өзінде дейді. Себебі олар Қостанай, Ақмола облыстарының мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы қызметкерлерінің теориялық емтиханнан өтті деген бланкаларды сынаққа қатыспаған азаматтарға заңсыз жолмен бергенін анықтаған. Қазір бұл заң бұзушылықтарға қатысты іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.
Арман ТІРЕУКЕНОВ, ҚР СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ АГЕНТТІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
Цон қызметкерлері арнайы бланктар толтырып, емтихан қабылдамай алдын-ала толтырылған бланктер азаматтарға берілген. Мысалы, Қостанай облысын алатын болсақ, бұл жерде емтихан компьютерлеріне қашықтан қол жеткізетіндей жағдай жасаған.
Ал Ақмола облысында азаматтар емтиханға қатысқан. Бірақ арнайы алдын-ала дайындалған мамандар өзгенің орнына емтихан тапсырған. Бұл қулықтарын олар медициналық маска мен бас киім киіп, жүзеге асырған көрінеді.
Ә. Бердібеков