Ақтөбеде көшпелі сот жеке тұрғын үйдің ауласында өтті. Оған тараптардың 9 айдан бері бір шешімге келе алмай жүргені себеп болған. Зейнеткер көрші тұрған дәмхана қожайынымен соттасып жүр. Ол бірінші сотты жеңген. Алайда, кәсіпкер аппеляцияға шағым беріп, іс қайта қаратуда. Судьялар мен заңгерлер барған ауладағы сот жайлы келесі бейнематериалда.
Ақтөбелік Ирина Омысова былтырдан бері көрші дәмхананың иесімен бір байламға келе алар емес. Оның гаражына жапсарлас салынған екі қабатты ғимарат , құрылыс нормаларын өрескел бұзып тұр деп есептейді. Қашықтық сақталмаған, өрт қауіпсіздігі ескерілмеген, тіпті санитарлық нормаларға да қайшы деді. Айтуынша қысы-жазы дәмханадан жағымсыз иіс шығатындықтан, аулаға шығудан қалған.
Ирина ОМЫСОВА, АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Ғимаратты бұзсын деп талап етемін! Құрылыс нормаларына сай емес. Соттың бірінші сатысында жеңдім. Енді аппеляциялық сотта судьяны «сатып ала ма» деп алаңдап отырмын.
Дау ушыққаны сонша, судьялар алқасы бүгін зейнеткердің ауласына келіп тараптардың уәжін тыңдады. Тұрғынның гаражы мен кәсіпкерлік нысан арасын өлшеді. Қашықтық - 56 сантиметр ғана. Құрылыс талаптарына сәйкес, тұрғын үй мен коммерциялық нысан арасы кемі 6 метр болуы керек дейді.
Сұлтан АМАНШИН, АҚТӨБЕ ҚАЛАЛЫҚ СӘУЛЕТ ЖӘНЕ ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
Бұл жағдайда 6 метр сақталған жоқ. Бәрімізге белгілі ғой, тақалып тұр. Көрші участокке зиянын тигізіп тұр. Сол себепті қазір сот жүріп жатыр. Сот шешімі шыққанда түсінікті болады.
Заңгер Алена Дуля қала бойынша ұқсас оқиғалар өте көп дейді. Бұған жер учаскелерінің шекарасын өлшейтін жүйенің жаңарғаны себеп. Қазір жер телімдерінің шекарасы жерсеріктің көмегімен өлшенеді, дейді маман.
Алена ДУЛЯ, ЗАҢГЕР:
Бұл бағдарлама 2006 жылы пайда болды. Содан бері көршілер арасында шекара жанжалы көбейіп кетті. Біреудің жер телімі екіншісіне ығысып, дау туып жатыр. Мұндай жағдайда жердің тарихи шекарасы есепке алынуы керек.
Көршілердің дауы бұнымен бітпейтін түрі бар. Зейнеткер аппеляциялық сатыда жеңілсе, кассациялық сотқа жүгінуге дайын. Кәсіпкер болса бұл жағдайға қатысты пікір білдіруден бас тартты.
Г. Сейтенова