$521.9 €593.5 ₽6.39
×

Батыс Қазақстан облысында ауыл мектебіне су кіріп кетті

AstanaTV
31.03.2022ж. 20:00
1708
Батыс Қазақстан облысында ауыл мектебіне су кіріп кетті

Атырау облысында "Ноғайты" өзені тасып, бүтін бір ауылды су шаю қаупі төнді. Асау өзендегі су деңгейі 3 метрге дейін көтеріліп, қатты ағыспен ауыл ішіне жайылып кетті. Тұрғындар жаппай қауіпсіз жерге көшірілді. Ал Батыс Қазақстанда қызыл су мектептегі сабақты тоқтатты. Түні бойы өр суымен алысқан ауылдағы ағайынның тынысын өңірдегі тілшілереміз айтып береді.

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Арнасынан тасыған "Ноғайты" өзені Ақтөбе облысынан бастау алып, Атырау облысы Қызылқоға ауданы аумағындағы Сағыз өзеніне құяды. Биыл көрші аймақта қалың түскен қардың күрт еруінен, өзен суы 3 метрге дейін көтеріліп кеткен.
   
"Сағыз" ауылы тұрғындарының айтуынша, ауылға су күндіз келе бастаған. Бара-бара ағысы күшейіп, тіпті көпірді тас-талқан етіпті.

Өзеннің арнасына жақын ауыл суға кету қаупі күшейген соң, тұрғындарды эвакуациялауға мектеп пен колледж ғимараттары дайындалған. Балалы аналар мен қарттар көшіріліп, ауылда тек ер адамдарды ғана қалдырды.  

Әбден әбігерге түскен ауыл тұрғындарының айтуынша, "Ноғайты" өзенінде мұндай үлкен су бұрын-соңды  болмаған. Су деңгейі биыл ақпан айынан бері осымен үшінші рет көтеріліп отыр. Көрші ауылдан еріктілер көмекке келген. Олар су басуы мүмкін деген жерлерге арнайы құм мен топырақ салынған қаптардан бөгеттер тұрғызды.

Сағытжан АМАНҚОСОВ, САҒЫЗ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Өз күшімізбен, жігіттердің арқасында аман алып қалдық үйлерімізді. Шығып кетуге кішкентай қалды. Арнадан 5 метр қашықтықта үйіміз жап-жақын жерде тұр. Көршіміздің қорасы түгел құлады.  

Дегенмен қазір су деңгейі түсе бастаған. Эвакуацияланған адамдар үйлеріне оралуда.  

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Сағыз ауылында арнайы штаб жұмыс істеуде. Мамандар су беті қайтқанымен қауіп сейілген жоқ,- дейді. Себебі Ақтөбе облысына биыл қар өте қалың түскен. Батыс Қазақстандықтарда қар суымен әлекке түсуде. Еркін.

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

Иә, Базаргүл еріген қар суы, аймақтағы Қаратөбе ауданы орталығындағы жолды су шайып, қатынас қиындап кетті.   Ақтайсай елді мекеніне қырдан келген қызыл су ауылдағы жолды істен шығарды.
 
Бұл аздай, осы аудандағы Шалғын мектебіне су кіріп кетті. Жергілікті атқамінерлер бұған қардың күрт еруі себеп болғанын айтты.

Ауыл мектебі 1987 жылы салынған. Кейін тұрғындар өзара ақша жинап, білім ордасына жапсарлас қосымша ғимаратты саман тастан тұрғызған. Еріген қар суы осы жаңа корпустағы мұғалімдер бөлмесі, директор кабинеті мен спорт залын бүлдірген. Су тиген кітаптар мен құжаттарды тұрғындар өз күшімен тасып шығарды.  
 
Қадыржан СҮЙЕУҒАЛИЕВ, ҚАРАТӨБЕ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:

Біз енді тиісті актілерін жасадық. Осы мәселелер бойынша комиссия құрдық. Сосын енді тиісті жаңағы ғимаратты, бөлмелерді жөндеу бағытында жұмыстанатын боламыз.
 
Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

Қазір мектепте сабақ тоқтатылды. Білім ошағының 37 оқушысы басқа ғимараттарда оқып жатыр. Шенеуніктердің айтуынша, бұған дейін бұл ғимарат тозығы жеткендіктен, күрделі жөндеуге жарамайды деп танылған. Еріген қар суы солтүстік облыстарға да қауіп тудыруда. Теріскейдегі әріптесім кезек күтіп тұр. Абзал.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Иә, Еркін. Солтүстік облыстарда да күн күрт жылынып кетті. Төтенше жағдай мамандары да қауыр жұмысқа кірісті. Өзендердегі су арнасынан аспауы үшін құтқарушылар мұзды жару жұмыстарын бастады.  Ол үшін жарылғыш заттың 300 келісі қолданылды.

Алдымыздағы жылдары Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстары тасқын қаупінен мүлдем арылуы мүмкін. Себебі құзырлы органдар көптен күткен Бұзылық су қоймасының жобасы қолға алынды. Нысан солтүстіктегі су жүйесінің күретамыры саналатын Сергеев су қоймасынан 1.5 есе ірі, яғни сыйымдылығы 1 миллиард текше метрге дейін үлкен болмақ. Алайда, алып бассейіннің құрылысы 5 жылға дейін созылуы мүмкін.

Сәкен АҒЗАМОВ, СҚО ТЖД ЕСКЕРТУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Бұзылық су қоймасы елдің орталығынан келетін тасқын судың 50 пайызын ұстап қалуға мүмкіндік береді. Ал қалған көлемді біз Сергеев су қоймасында қабылдаймыз. Демек, қызыл суды қарбаласта түгел жібермей, өзен деңгейін мейілінше қадағалау мүмкіндігі туады. Жоба құны әзірге белгісіз. Жалпы, Сергеев су қоймасы қазір 75 пайызға толған.

Қызыл су теріскейге әзірге жеткен жоқ. Әдетте тасқын науқаны сәуір мен мамыр айларында өтеді.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Төтенше жағдай мамандарының дерегінше Есілдің жағасындағы 85 ауылға қауіп бар. Қазір мамандар аталған елді-мекендердегі 1800-ге жуық үйді жіті бақылауға алған.

А. Құрманкин, Б. Нәдірқызы, Е. Карин