Тараздық тұрғындар «Қазфосфат» кәсіпорнынан шығатын өндірістік қалдықтың зардабын тартып отырмыз деп дабыл қағуда. 15 миллион тоннадай зиянды қалдық қалаға кіре беріс жерде тау боп үйіліп жатыр. Сәл жел соқса, айнала әппақ шаң болып, далаға шыға алмай қаламыз дейді жергілікті жұрт. Әсіресе, соңғы жылдары балалар арасында ауру көбейгенін айтады. Жамбылдықтардың жанайқайын Берік Жұмабай жеткізеді.
Елімізде 7 бөлімі бар алпауыт кәсіпорындардың бірі -«Қазфосфат» химиялық тыңайтқыш шығарумен айналысады. Ал, Жамбылдағы кәсіпорын негізінен аммофос өндіріп отыр. Минералды тыңайтқыштар зауыты жылына 500 мың тонна өнім шығарса, одан 1 млн 300 мың тонна фосфогипс- керексіз қалдық тау болып төгіліп жатыр. Ал оның зардабын Шайқорық, Танты, Қостөбе ауылдары мен Тараз қаласының тұрғындары біз тартып жатырмыз дейді.
Берік ҚАЛДАРБЕКОВ, ШАЙҚОРЫҚ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Хрустальные ножки ғой аяғы. Ол- Жамбыл облысында ең бірінші тіркелген қыз. Сол жылдап жылдар өтіп, қазір облыстың ауруханаға барсаңыз бұндай қыздар, балдар көп. Осы жақтағы сиырлардың тісі, тілі де түсіп қалған кездер болды. Жабулы қазан жабулы.
Жанат ИМАНӘЛИЕВ, ШАЙҚОРЫҚ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Мынау жел тұрған күндері, әсіресе батыс жақтан біздің ауылды әппақ түтін басып қалады. Топырақ басып қалады. Біз далаға шыға алмаймыз. Үйімізге дейін кіріп кетеді. Соның кесірінен елдер бронх, іш кеселі тыныс жолдары, жүрек аурулары көбейіп кетті.
Халық арасында бұл жер «Улы тау» аталып кеткен. Тау боп үйілген өндірістік қалдықтың өте зиянды екенін экологтар да растайды.
Анар ЖҰМАДІЛОВА, ЭКОЛОГ:
Негізінен ол 5-категориялы қалдыққа жатады. Жел бағытымен ауаға шашырайтын болса, онда тек қана тыныс жолдарының ауруларына немесе көз ауруларына әлсін түрде әсер етуі мүмкін.
Ал қоғам белсенділері бұл мәселені 10 жылдан бері айтып келеміз, бірақ жергілікті билік нәтиже шығарар емес дейді. Баяғы жартас, сол жартас күйінде қалып отырғанына ашынады.
Ихтияр МУРЗАХМЕТОВ, ҚОҒАМ БЕЛСЕНДІСІ:
Миллиардтап ақша экологиялық эммисия ретінде төленіп жатыр. Бірақ ол тиімді қолданып жатқан жоқ. Ешқандай кері байланыс жоқ. Ешқандай көңілге де алып жатқан жоқ көтеріліп жатқан мәселе бойынша.
Берік ЖҰМАБАЙ, ТІЛШІ:
Бұл- Тараз қаласының батыс бөлігі. Мұнда ағаш егіліп, жасыл белдеу құрылуы тиіс болған. Алайда химиялық зауыттан шығатын қалдық пен түтіннің залалын төмендетеді деп егілген тал-терек қараусыз қалған, қазір 90 пайызы қурап тұр. Ал, кәсіпорын мамандары ағаштың қурауына зиянды қалдық емес, судың аз болуы себеп дейді.
Арман ҚАРАҒАЛИЕВ, «ҚАЗФОСФАТ» ЖШС БАС ЭКОЛОГЫ:
СЭС-тің қорытындысы бар, экологияның қорытындысы бар, оның бойындағы таксиндік құрамы төмен. Бұл қауіпсіз қалдық болып саналады. Зауыт үлкейген сайын сол су өзіміздің өндіріске аз болып жатыр. Көктем басталды, біз сол қураған талдардың барлығын алып орнына басқа жаңа талдар егеміз деген жоспарымыз бар.
Зауыт бас экологының айтуынша, барлығы заңды. Кәсіпорын қоршаған ортаға келтірген залал үшін облыс бюджетіне 2,5 млрд теңгеден астам қаржы төлеп отыр. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы да мұны растады. Қазір қалдық жиналып жатқан екі төбенің құжаттары түгел. 2025 жылға дейін жарамды.
Б. Жұмабайұлы