$521.9 €593.5 ₽6.39
×

Қызылорда облысының Үшінші интернационал ауылында жер дауы ушығып тұр

AstanaTV
31.03.2022ж. 20:00
2275
Қызылорда облысының Үшінші интернационал ауылында жер дауы ушығып тұр

Қызылорда облысында Үшінші интернационал ауылының шаруалары биыл егін еге алмай қаламыз ба деп алаңдаулы.  Себебі, елдімекен тұрғындарының дені жұмыс істейтін  жалғыз шаруашылыққа төраға сайланбай тұр. Осыған байланысты   ауыл  тұрғындарының пікірі  екіге жарылған.  Құрылтайшылар  өзара келісе алмай жүргенде, көктемгі  дала жұмыстары кешеуілдеп жатыр. Тек егіншілікпен күнелтіп отырған халық енді несібеден қағыламыз  деп дабыл қағуда.

3 жылдан бері түйіні тарқамаған мәселе   ушығып барады. Биыл да құрылтайшылар шаруа қожалығының төрағасын сайлауда бір байламға келе алар емес.

Қазір бір-біріміздің есігімізден қараудан қалдық дейді ауылдастар. Ал халықтың негізгі табыс көзіне айналған шаруашылықтың жұмысы шатқаяқтап барады деп ашынады.    

Рамис ДАВРУШЕВ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Қоймадан жоңышқа тұқымды сатты. Күріштің қалдығын сатты, халыққа бермей. Аулаға жинап қойған темір-терсектер бар еді ауылдың. Оны өткізіп, ақша қосып техника аламыз деген. Оны да өткізіп жіберді. Содан бері қарай я дән себіліп жатқан жоқ, я жоңышқа егіліп жатқан жоқ.  

Тұрғындардың айтуынша, ақ егістің де те, жоңышқаның да жартысы әлі себілмеген.  Жер-ананы емген шаруалар  биыл несібесіз қаламыз ба деп алаңдайды.

Мерген ӘЛІБЕКОВ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:


Бұл жерде мәселенің аражігін ажыратып алып, халыққа заңды түсірмесе, бұл нәрсе әрі қарай жалғаса берсе көктемгі егіс те далада қалайын деп тұр. Құрылтайшы есебінде айтарым. Бұл нәрсеге құқықтық жағынан баға беріп, заңды шешім шығаруға халықты жинап түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек деп ойлаймын.

Мәселеге жергілікті билік өкілдері  жақсы қанық. Алайда заңға сәйкес даудың соңғы нүктесін үлескерлер өзі қоюы керек дейді.

Медет УСАИН, ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСТЫҚ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Екі тарап та бір-бірімен келісім жұмыстарын жүргізіп жатыр. Алдағы 10 күндікте шешімін табады деп сенеміз. Барлығы қадағалауда. Көктемгі егіс жұмыстарына кедергі келтірілмей, бірге егін жұмыстарын бастайды деген ойдамыз. Даудың барлығы негізі мекемелердің барлығы, үлескердің ортақ шешімімен шешілу керек.

Аймақта жер дауы жиілеп тұр. Соның бірі-Түгіскен ауылындағы мәселе күні кеше ғана шешімін тапты. Енді осы  Үшінші Интернационал және  Шаған ауылындағы    талас-тартыс реттеледі деген үміт бар. Тек егін науқанына  үлгерсек екен дейді тұрғындар.  

М. Тоқтасынқызы