$521.9 €593.5 ₽6.39
×

Ақмола облысында 200-ден аса ауылды су басуы мүмкін

AstanaTV
01.04.2022ж. 20:00
1661
Ақмола облысында 200-ден аса ауылды су басуы мүмкін

Елорда іргесіндегі Қажымұқан ауылының тұрғындары биыл тағы суға кетеміз бе деп алаңдаулы. Қар суы ұлғайса қызыл суға еге бола алмай қаламыз ба деп қорыққан қажымұқандықтар арнамызға шағымданды. Әріптесім Әділжан Бердібеков жағдайды көзбен көріп, халықтың жанайқайын тындап келді.

Мырзагүл Имағанбетова Қажымұқан ауылына көшіп келгелі 5 жыл болған. Әуелде тұрмысқа қолайлы болғанымен соңғы екі жылда үйіміздің іргесін су шайып, қарғын сумен арпалысып келеміз дейді. Жергілікті билік көктем келсе әбігерге түсетінімізді білсе де әсіресе 5-ші шағын ауданға ат басын бұрмайды деп назалы. Айтуынша ауылдың кіре берісі тазаланып, елді мекеннің шеткі бөлігі әрдайым назардан тыс қалады екен. Осының салдарынан қар суына өз күштерімен тосқын қоюға тура келетін көрінеді.

Мырзагүл ИМАҒАНБЕТОВА, ҚАЖЫМҰҚАН АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Сырт жерден келген ағайындар да үндемейді. Мысалы о кісілерді де су басады. Бізді де су алады. Жалығз емес. Мынадан келгенде су фундаменттен асып, терезеге жетеді. Сосын күндіз-түні ұйықтамай жолдасымыз аршиды. Балаларымыз келеді сырттан. Ол да оңай емес. Мұздай су кешіп жүрген. Су әйдік алады бізде. Енді мыне алды келіп жатыр.

Целиноград аудандық әкімдігі болса, көктемнің тосын мінезіне тас-түйін дайынбыз дейді. Ауданға қарасты кез-келген елді-мекен тұрғындарының алаңдауына еш негіз жоқ, тасқынға қарсы жұмыстар әлдеқашан пысықталып қойған деп арқаны кеңге салды.

Бақытбек ОСПАНБЕКОВ, ЦЕЛИНОГРАД АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:

Биыл өткен жылмен салыстырғанда қар екі есеге көп түсті. Алдағы аптада ауа температурасының жоғарылауы күтілуде. Қардың тез еруі болады. Сондықтан біз бірінші кезекте су сорғы техникалыран дайындап қойдық. Ауылға су толады деп айтуға болмайды. Біз арықтарды аршып, қарды тазалап жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыра береміз.

 
Жауаптылар төтенше жағдайға дайынбыз десе де, қажымұқандықтар былтырғы жағдай қайталанбасына күмән келтіреді. Сондықтан ертелі күнді кеш қылмай қарды тазалап берсе дейді.

Мырзагүл ИМАҒАНБЕТОВА, ҚАЖЫМҰҚАН АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Қарды тазартып берсе екен. Халық суға кетіп отырса, жылма-жыл салған үйі қирап, сырос басса, жиегі ашылып жатса оған кім көмек бере алады бізге.

Жалпы Ақмола облысында биыл су басу қаупі бар аймақтар саны күн санап артып келеді. Күн райының күрт жылынып, қардың тез еруінен өңірдегі 200-ден астам елді мекен зардап шегуі мүмкін. Бұл қатарда Қажымұқан ауылы да бар.

А. Бердибеков