$521.9 €593.5 ₽6.39
×

Қостанай облысының шалғайдағы елді-мекендерінде мобильді қоғамдық қабылдаулар өтті

AstanaTV
01.04.2022ж. 20:00
1342
Қостанай облысының шалғайдағы елді-мекендерінде мобильді қоғамдық қабылдаулар өтті

Ауыз су. Жайылым жер. Жол проблемасы. Тобыл өңірі тұрғындарын толғандыратын негізгі түйкілдер "AMANAT" партиясы өкілдері өткізген мобильді қоғамдық қабылдауларда айтылды. Партия өкілдері, түрлі басқарма басшылары Денисов және Жітіқара аудандары  жұртшылығымен кездесті. Облыстағы әсіресе шалғайдағы елді-мекендерінде жылдар бойы шешілмей келе жатқан мәселелер жетерлік. Алыстағы ауыл тұрғындарының проблемасын тілшіміз Заңғар Санай айтып береді.

Заңғар САНАЙ, ТІЛШІ:
 
Жалтыркөл ауданның ең шалғайдағы елді мекені. Бұл ауылда 700-ге жуық адам тұрады. Тұрғындарды толғандыратын екі мәселе бар.Ол ауыз су мен жол проблемасы.
 
Сергей СИМОНЕНКО, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:
 
Қыста  жолдың шұңқыры қармен бітеліп сәл білінбейді. Ал жазда мүлдем қатынау қиын. Әсіресе жаңбырлы күндері шалшыққа батамыз. Осы мәселе қашан шешелітін білуге кеп тұрмын.

Ауылдағы су құбырының әбден тозығы жеткен. Күн ара құбыр жарылады дейді тұрғындар. Ал шаруалар  төрт түлікті суаратын, оларды жаятын жер жоқ деп шағымданады.

Анастасия СОЧИВКА, ШАРУА:
 
Жайылым жоқ. Мал суаратын жоқ. Шаруа қожалықтарын қолдаймыз, демейміз дегені құр сөз боп қалды. Ауданға барып арыздандық. Әлі жауап берген жоқ. Бір жылдан асты. Енді міне тағы көктем келді. Түлікті қайда жаятынымызды білмей дал боп отырған жайымыз бар.

Шалғайдағы елді мекеннің жас тұрғындары спорттық алаңдар сұраса, қарт тұрғындары қараңғы көшелердің жарық болғанын қалайды.

Дания КИХАЙ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Айналасы бес-алты жерде, оның өзі кәсіпорындар мен мал базаларының тұсында ғана жарық бар. Қалған ауылдың көшесі тас қараңғы. Қыста оқушылар мектепке таңертең ерте барады. Қаңғыған ит көп. Қатты алаңдаймыз.

Жалтыркөлдіктер көтерген жайылым, ауыз су мәселесі алдағы уақытта шешімін табады. Ал 18 шақырымға жол салу үшін қомақты қаражат қажет. Оған аудандық, облыстық бюджеттің қауқары жетпейді дейді жергілікті депуттаттар.

Алпамыс МЫРЗАБАЕВ, ДЕНИСОВ АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТТЫҢ ХАТШЫСЫ:

Биыл шешілетін мәселе емес. Неге десек ол өте қомақты ақша керек. Мемлекет шешеді. Негізі біздің облыстық бюджетке де қиындау. Миллиардқа жақын.


Көшпелі қабылдау Жітіқара ауданында жалғасын тапты. Бұл жақта да жол, су, жайылым мәселесі көтерілді.
 
Нұржан ӨТЕГЕНОВ, ЖІТІҚАРА АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:

Жайылымдық мәселесін облыстық ауыл шаруашылық басқармасының басшысы арызданушыға түсіндіру  жұмыстарын жүргізді. Мемлекеттік қор жеріндегі жер есебінен халықтың мұқтаждығын түгел жабамыз.


Ең шалғайдағы елді-мекендердегі тұрғындар  түйткілін анықтау мақсатында мобильді топтар  жұмысын жалғастыруда. Партиялық шараға түрлі басқарма өкілдері мен аудандық, облыстық мәслихат депуттары атсалысып жүр.
 
З. Санай