Соңғы кезде әлеуметтік желіде денесін, басын заулап келе жатқан көліктің терезесінен шығару жиі көрініс тапқан. Тіпті трендке айналған ба деп қаласыз. Полиция оларды жедел анықтап жазалап та жатыр. Бірақ азаяр емес. Жастар мұндай әрекетке неге құмар? Әріптесім анықтап көрді.
Осылай қалың көлік ағынында бейәдеп әрекеттер жасап, өзге жүргізушілерге кедергі жасайтындар көбейген. Тіпті, қазір жастар бұндай тәртіпсіздіктерді топтасып жасап жүр. Желіде жұртты ашуландырған атыраулық жігіттер де көліктің мемлекеттік нөмірін алып тастап, көшеде шоу жасаған.
Патрульдік полицейлердің сөзінше, мұнайлы өңірдегі көліктен басын шығарып, көптің ашуына іліккендер жол ережесіндегі бір топ қағидатты өрескел бұзған. Мәселен, маневр жасау ережесін сақтамау, белдік тақпау, көлікте мемлекеттік нөмірдің болмауы, тіпті туды мақсатсыз пайдалану, куәліксіз көлік тізгіндеу.
Ерсін ҚОЖАХМЕТОВ, АТЫРАУ қ. ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫ ПАТРУЛЬДІК БАТАЛЬОНЫ КОМАНДИРІНІҢ ҚЫЗМЕТ ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ:
4 көліктегі жастар терезеден беліне дейін денесін шығарып, Қазақстан туын желбіретіп келе жатты. Бұл патрульдік полицейлердің назарын аударып, олар 4 көліктің жүргізушілері мен жолаушыларын ұстап Қазақстан Республикасының әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің бірнеше бабымен 10-нан астам хаттама толтырды.
Полицейлер атыраулық жастар бұзған әр ережеге сай қомақты айыппұл салған. Toyota көлігін куәліксіз 17 жастағы жасөспірімге берген адам да жоқ жерден 153 мың айыппұл арқалады. Ал, психолог қоғамдық жерде заңды ойланбай бұзатындарда психологиялық проблеманың болмауы мүмкін емес, деп отыр.
Евгений МИРОНЕНКО, ПСИХОЛОГ:
Жолда өзінің жан рахатынан басқаны ойламай, басын, денесін көлік терезесінен шығаруды эгоизмге жатқызуға болады. Бірақ, бұндай әрекетке қоғамда тек 15 пайыз адам ашық түрде барады. Олардың барлығын есі дұрыс емес деуге де болмайды. Қатты қуанғанда да адамдар осындай қылықтар жасайды. Бірақ, құмар ойындарға салынғандарда қорқыныш жоқ, артынан өкініш те болмайды. Сол сияқты жолда тәртіпсіздік көрсететіндердің де психикасында эмоционалдық проблема болуы әбден мүмкін.
Алайда, заңгерлер бұндай құқықбұзушылықтың жазасының қатаңдатылуына қарсы емес. Өйткені, олар өзгелердің өміріне қауіп төндіріп, қайғылы жағдайларға себепкер болуы мүмкін, дейді.
Л. Қуанышқызы