Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

"Ауыл шаруашылығы министрі Президенттің тапсырмасын саботаж жасап отыр ма?",- Е.Жаңбыршин

AstanaTV
04.04.2022ж. 20:00
1544
"Ауыл шаруашылығы министрі Президенттің тапсырмасын саботаж жасап отыр ма?",- Е.Жаңбыршин

Ауыл шаруашылығы министрі Президенттің тапсырмасын орындай алмай жатыр. Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин, Үкімет сағатында министрге шүйлікті. Мемлекет басшысы былтырғы жолдауында ветеринария саласын реформалау туралы тапсырма берген еді. Бірақ, әлі күнге дейін оның нәтижесі жоқ деді. Оның дерегінше бірқатар өңірде ветеринариялық зертханалардың тозығы жеткен. Ал Маңғыстау облысында мұндай мекеме жұмысын тоқтатыпты.

Маңғыстау облысынан өзге өңірге тасымалданатын тауарлар күмән туғызады. Депутаттың сөзінше, аймақтағы зерттеу орталығының жоқтығынан халықтың тұтынып отырған тамағын қауіпсіз деп айту қиын. Бұдан бөлек, осы жағдайды пайдаланып сырттан тауар тасымалдаушылар сапасыз заттар әкелуі мүмкін, дейді.  

Еділ ЖАҢБЫРШИН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Маңғыстауға 90-95 пайыз азық-түлік сырттан келеді. Біз халық не жеп отырғанын білмейміз. Осыған орай сұрақ: Ауыл шаруашылығы министрлігі және төрт аталған облыстың басшылары Президенттің тапсырмасын саботаж жасап отыр ма? Екінші мәселе Ақтауғы зертхана қашан ашылады? Біз осылай отыра береміз бе не жегенімізді білмей?

Ауыл шаруашылығы министрі республикалық-ветеринариялық зертхананың құжаттарын дайындауға ақша болмағанын ашық мойындады. Бұл олқылықты биылдан қалдырмай аяқтаймыз, дейді.

Ербол ҚАРАШӨКЕЕВ, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРІ:

Сметалық-жобалық құжаты дайын болғаннан кейін біз ақшаны қарастырып соны соғуды бастаймыз. Зертхананы соғу біздің міндетіміз біз ол жұмысты бітіреміз. Қазір мынау сметалық құжаты дайын болсын оны өзіміздің бақылауымызда ұстап отырмыз.

Ербол Қарашөкеевтің бұл жауабына Еділ Жаңбыршин ашу шақырды. Зертхананың нақты қашан аяқталатынын айта алмаған соң сұрақты төтесінен қойды.

Еділ ЖАҢБЫРШИН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Зертхана болмай сіздің мына ветеринариялық салаңыздағы реформа түкке де жарамайды.  Сіз ертең малды тексермесеңіз оның ауруын білмесеңіз немен емдеуін білмейтін болсаңыз сіздің ветеринарияда жасап жатқан реформаңыздың түкке қажеті жоқ қой. Ақтауда қашан зертхана ашылады? Маған соның срогын маған нақты айтыңыз.

Министр әбден сасқаны соншалық,  тіпті зертхананың қашан салынып бітетінін тараптар сол жерде талқылап кетті.  

Министр аграрлық сектордағы ең төменгі жалақы алатындар – мал дәрігерлер екенін жеткізді. Сөзінше, республика бойынша ветеринарлардың орташа жасы 40-55 жасты құрайды.  Қазір тіпті, кадр тапшылығы пайда бола бастаған. Осы орайда ведомство басшысы сала мамандарының жалақысын жыл соңына дейін 60 пайызға көтеруді ұсынды. Нақтырақ айтқанда, мал дәрігерлерініңкі айлығы 98 мыңнан 206 мың теңгеге дейін, зертхана қызметкерлерінің орташа жалақысы 125 мыңнан 174 мың теңгеге дейін көтерілмек. Сондай-ақ ветеринарлық мамандықтар бойынша ауылдық квотаны 70%-ға дейін ұлғайту жайы да сөз болды.

А. Данияр