Шымкентте «Көк жайлау-2» тұрғын үй кешеніне ақша салған үлескерлер шу шығарды. Айтуларынша, олар екі жыл бұрын берілуі тиіс пәтер кілтіне әлі қол жеткізе алмай жүр. Құрылыс басталғалы бірнеше рет инвестор ауысты дейді. Салымшылар мәселесін айтып, талай табалдырықты тоздырған. Бірақ нәтиже шықпапты. Мәселенің мән-жайын тілшіміз Айзада Төребекқызы анықтауға тырысты.
Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
Бұл пәтерлер 2020 жылдың тамызында таза, әрлеуімен берілуі тиіс болған. Бірақ көріп тұрғанымыздай, әлі қара сылағымен тұр. Тіпті есіктері де салынбаған. Күте- күте төзімі таусылған салымшылар осы күйінде де кіруге әзір. Бірақ бірде бірінің қолында келісім шарт жоқ.
Бұл пәтерлердің құны да өзгелерден қымбат. 2019 жылғы бағамен есептегенде, әр шаршы метр- 260 мың теңге. Өзге үйлер 160-180 мың теңге тұрғанда ішкі әрлеуімен және ішінара жиһазымен беріледі дегенге қызыққандарын айтады үлескерлер. «7-20-25» бағдарламасы бойынша кемі 20 -30 пайыз төлем жасап қойған. Кейбірі тіпті ақшаны 100 пайыз төлеп қойған.
Нұржамал ШАЙДУЛИНА, ҮЛЕСКЕР:
Екі үйімді сатып құйғанмын. Міне үш семья үш жылдан бері квартирада жүрміз. Міне үш жыл болды құйғанымызға қаңғып міне пенсионер кезде шалымыз екеуміз қаңғырып жүрміз.
Назипа ТАСБАУОВА, ҮЛЕСКЕР:
Үйлерді қазір арестке қойып қойған, компанияның қарызы бар деген мәселемен. Сол аресттен босатса, біздің кәдімгі заңды түрде ақша құйған салымшы үлескер ретінде ақша құйған үйімізді, документін өзімізге берсе. Заңдастырып алсақ.
Тұрғын үй кешеніне 145 отбасы үлескер ретінде ақша салған. Пәтерде жүріп шаршадық деген олар, есік пен мен еденді өзіміз салып, тұсқағазды да өзіміз жапсырып аламыз дейді. Бірақ сонда да пәтерлерінің кілтін ала алмай жүр.
Алмас ЖҰМАБЕКОВ, ҮЛЕСКЕР:
Разницасын береміз деп отыр. Разницасына біз көңіліміз толмай отыр, шыны керек жасыратыны жоқ. Біз 100 мың теңге сұрап отырмыз. Қазіргі уақытта барлық нәрсе көтеріліп кетті+ бүкіл құрылыс материалдарының бәрі көтеріліп кетті.
Тұрғын үй кешенінің қазіргі құрылтайшысы Рамазан Шахид туындаған қиындықтарды пандемиямен байланыстырады. Сондықтан кейбір мәселелерде түсініспеушіліктер болды дейді.
Рамазан ШАХИД, ТҰРҒЫН ҮЙ КЕШЕНІНІҢ ҚҰРЫЛТАЙШЫСЫ:
Екі жыл жүрмеген кезде шынында ақша келмеді, жұмыс жүрмеді. Онда біздің фирмаларға қарыз бар. Қарыздардың себеп кредиторлар сотқа берген. Сот шешім арқылы нысанды түгел арест қойған. Соттың шешімімен түгел арест қойғасын движение болмай жатыр.
Құрылтайшы үлескерлердің арасында үйді дәл қазіргі жағдайымен аламын дегендерге пәтер кілті біртіндеп берілетінін айтады. Ал таза, әрлеуімен алғысы келетіндер төрт-бес ай күтуі керек дейді.
А. Төребекқызы