Елімізде зейнетақы мен жәрдемақы мөлшері өседі. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты. Оның сөзінше, әлеуметтік төлемдерді индекстеуге қазынадан қосымша қаражат бөлінеді. Ал тұрғындар бұл оң өзгеріс тағы да қымбатшылыққа себеп болмай ма деп алаңдайды.
Зейнетақы мен жәрдемақы мөлшері 8-10 пайызға артады. Өйткені елде инфляция деңгейі көтерілген. Оған себеп -қаржы тұрақсыздығы мен сыртқы геосаяси жағдайдың шиеленісуі. Алайда елордалық тұрғындар жағымды жаңалықтан соң, тауар бағасы тағы да қымбаттай ма деп қауіптенеді. Өйткені қазірдің өзінде, алғанымыз айға жетпейді дейді.
БЛИЦ:
- 10% - бұл теңізге құйған тамшыдай ғана. Қазір 10-15 мың теңгенің құны жоқ. Оның үстіне жартылай бос пакетпен қайтасыз. Мен бұрын осы 12 мыңға ай бойы өмір сүретінмін. Ал қазір 3-4 күнге ғана жетеді, оның үстіне әйелім екеуміз бірге тұрамыз.
- Бұл пенсияны аламыз. Жетпейді енді. Аламыз жаратамыз. Уақытша.
- Қазіргі уақытта жетпейді ғой бәрі. Бәрі де қымбат не алсаң да, немере бар, бала-шаға бар дегендей.
- Аздық етеді. Енді көп сұрап ештеңе бермей қойғаннан гөрі, кішкене үйстіп-үйстіп қосса, жақсы болады халыққа.
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, зейнетақы мен жәрдемақыға байланысты заң жобасы әзірленіп қойған. Тек құзырлы орындар рұқсат беріп, Президент жарлыққа қол қойса болғаны.
Әлібек ҚУАНТЫРОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:
Бюжет нақтыланып, Мәжіліс пен Сенаттың қарауынан өтеді. Кейін Президент "республикалық бюджет туралы" заңға қол қояды. Одан кейін оны іске асыру жайлы қаулы қабылданады. Зейнетақы мен кейбір жәрдемақылар 9 процентке индексацияланады. Шамамен маусым-шілде айларында зейнетақы мен жәрдемақы өседі.
Халықтың әл-ауқатын арттыруға арналған заң жобасы дер кезінде қабылданған дұрыс шешім дейді,-белгілі экономист Сапарбай Жобаев. Оның айтуынша, әлеуметтік төлемдердің көтерілуі бағаға аса әсер етпейді. Оған көбіне сыртқы факторлар кесірін тигізеді дейді.
Сапарбай ЖОБАЕВ, ЭКОНОМИСТ:
Мемлекеттің төлемдерін сол 10% ға июльде көтергені бұл өте дұрыс. Баға енді бір өкініштісі Қазақстанның өзіне ғана байланысты емес.Бұл жалпы біз дамушы мемлекетпіз, сондықтан баға көтеріледі.Импорттық нәрселерге көп тәуелдіміз оған баға көтеріледі.
Бұған дейін үкімет 2022 жылға арналған макроэкономикалық көрсеткіштер мен бюджеттік параметрлер болжамын нақтылады. Оған сәйкес инфляция дәлізінің өзгеруіне байланысты әлеуметтік төлемдерді индекстеуге қосымша 110 миллиард теңге бөлуді қарастырып отыр.
Б. Сатуов