Елімізде құрылыс компанияларының саны азайған. Оған не себеп? Осы және өзге де ақпараттар "Экономика жаңалықтарында"
Елімізде құрылыс компанияларының саны бір айда 1,5 мыңға азайған. Бұл туралы Energyprom.kz порталы жариялады. Агенттіктің хабарлауынша, құрылыс материалдарының қымбаттауы, тұрақсыз геосаяси жағдай, теңге бағамының ауытқуы құрылыс саласына оңай соқпай тұр.Осының салдарынан мемлекеттік инвестиция есебінен салынып жатқан 286 нысанның құрылысы тұралаған.
Биыл әлем елдерінің мемлекеттік қарызы 9,5%-ке өсіп, 71 триллион долларға жетеді. Бұл туралы британдық зерттеулерге сілтеме жасап, Интерфакс-Қазақстан хабарлады. Әлем елдерінің қарызы өткен жылы 65 триллион доллар болған. Сарапшылар Ұлыбританияның басқа елдерге қарағанда берешегі көбейеді деп отыр. Мамандар мұны Англия банкінің проценттік мөлшерлемені өсіруімен байланыстырады. Айта кетейік, Қазақстанның сыртқы берешегі былтыр 160 млрд доллардан асқан.
Енді несие тарихындағы ақпаратты даулауға болады. Бірінші кредиттік бюро онлайн режимде осындай тегін қызмет ұсынды. Егер сіз дербес несие есебіндегі қандай да бір ақпаратпен келіспесеңіз, оны жоққа шығаратын өтініш жасауға құқылысыз. Бірінші кредиттік бюро сіздің өтінішіңізді қарастырып, бұл деректерді ұсынған ақпарат жеткізушісіне сұрату жібереді. Әрі қарай бәрі тексеріледі. Несие тарихындағы ақпаратты даулау үшін кемінде 15 күн бұрын алынған несие туралы нақты есеп және мобильді азаматтар базасында тіркелген телефон нөміріңіз болуы қажет.
Теміржол тасымалы қызметінің бағасы бір жылда 1,6%-ға өскен. Қымбатшылық Елордада байқалады. Пойыз билеттері 9,8%-ға қымбаттаған. Шымкент пен Қызылорда облыстарында керісінше, 1,5% және 2% төмендеген. Ал Жамбыл, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарында өзгеріс жоқ, баға былтырғыдай. Жыл басынан бері темір жол арқылы 2,5 млн адам тасымалданған. Былтырғы жылмен салыстырғанда, бұл 28,8%-ға артық.
Б. Сатуов