$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Мәжіліс депутаттары Сарыжар ауылының тұрғындарымен кездесті

AstanaTV
11.04.2022ж. 20:00
1525
Мәжіліс депутаттары Сарыжар ауылының тұрғындарымен кездесті

Тасқын судан зардап шеккендердің ешқайсысы назардан тыс қалмайды. Ақтөбе облысының Мәртөк ауданы тұрғындарымен кездескен Мәжіліс депутаттары осылай деді. «AMANAT» фракциясының мүшелері Аманғали Бердалин мен Ғалымжан Елеуов су шайып өткен ауылдарды аралап, халықтың жағдайын білді, партияның гуманитарлық көмегін жеткізді.

Гүлвира СЕЙТЕНОВА, ТІЛШІ:

Ақтөбе облысындағы суға кеткен ауылдардың бірі – Сарыжар ауылы. Мұнда 26 ауланы су басып, 2 үй бүлінді. Төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары қызыл су өзендерден емес, даладан келді дейді.


Қардың суы бас-аяғы бір сағаттың ішінде ауылға лап қойған. Сарыжардың жаңа үйлер орналасқан екі көшесін су басты.  

Тарас КОВАЛЕНКО, МӘРТӨК АУДАНДЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Су кешкі сағат алты мен жетінің арасында келе бастады. Бірден оны бөгеу жұмыстарына кірістік. Қаладан қосымша техника жұмылдырылды.


Бүлінген екі үйдің бірі – Арташ Погосяндікі. Отбасын уақытша ата-анасының үйіне көшірген.  Су тиген дүние-мүлікті далаға шығарып, үй ішін кептіріп жатыр.  
 
Арташ ПОГОСЯН, САРЫЖАР АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Жұмыста болған едім, жұбайым суға кетіп жатырмыз деп телефон соқты. Су алдымен аулаға толған, 20 минуттың ішінде үйге кірді. Бөлменің бәріне су жайылды. Қабырғаға қарасақ, 25 сантиметрдей көтерілген.


Арташтың үйіне Мәжіліс депутаттары бас сұқты. Олар балаларға жылы киім, азық-түлік, тазалық құралдары мен жаңа жиһаз ала келген. Депутаттар тасқынның зардабын тартқан тұрғындардың бәріне көмек береміз деді.   

Ғалымжан ЕЛЕУОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Жұмыс тобы құрылған, дефектный акт дейміз ғой, соның бәрін қарап, бүкіл құжаттарды толтырып, сосын комиссия отырып, кімге қандай көмек, қаржы көлемі болатынын айтады. Сондықтан айтарым, ешбір зардап шеккен ауыл тұрғыны болсын, қала тұрғыны болсын ешкім байқаусыз қалмайды.

Судың қайдан келгені депутаттарды алаңдатып отыр. Халық қалаулылары Қазан ауылындағы көпір мен қар суы жиналатын бөгеттің жай-күйін  қарап шықты. Депутат Ғалымжан Елеуов Ақтөбедегі ірі көпірлерді жөндеу керек дейді. Себебі, астындағы су өткізетін құбырлар тасқын судың нөпіріне шақталмаған. Мәжіліс өкілі аудан әкіміне жобаны келесі жылға жоспарлауды тапсырды.

Г. Сейтенова