Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері бәсекеге қабілеттілігін арттыру керек

AstanaTV
12.04.2022ж. 20:00
1151
Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері бәсекеге қабілеттілігін арттыру керек

Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері бәсекеге қабілеттілігін арттыру керек. Бұл туралы «Miras» республикалық қоғамдық кеңесінің отырысында айтылды. Сонымен бірге, Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған реформаларды жүзеге асыру жайы талқыланды.

«Miras» республикалық қоғамдық кеңесінің бүгінгі отырысы өзгерістермен басталды. Осы уақытқа дейін кеңестің төрағасы қызметін атқарған Жандарбек Әшімжанов бұл қызметтен кетті. Орнына Мәжіліс депутаты, айтыскер ақын Аманжол Әлтай тағайындалды. Жиында бірінші болып сөз алған "AMANAT" партиясының Атқарушы хатшысы Асхат Оралов соңғы екі айда қоғамда, партия құрылымында үлкен өзгерістер болғанын жеткізді. Сонымен бірге, халықпен кері байланысты жетілдіру мақсатында құрылымы қайта жасақталған партия жанындағы қоғамдық кеңестердің жұмысындағы өзгерістерге тоқталды. Айтуынша, «AMANAT» партиясы биыл ұлттық мәдениет пен өнерді қолдауда бірнеше іс-шараны қолға алады. Соның бірі – айтыс.

Асхат ОРАЛОВ, "AMANAT" ПАРТИЯСЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫ:

Дәстүрлі «Алтын домбыра» ақындар айтысынан бөлек биыл «Бабалар аманаты» айтысын да ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Партия әрдайым халықтың сөзін сөйлейтін сөз зергерлерін қолдайды. Бұдан бөлек, биыл еліміз ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы, Мұхтар Әуезовтың 125 жылдығы жән Ғабит Мүсіреповтің туғанына 120 жыл секілді айтулы даталарды атап өтеді. Осы мерейтойларды атап өтуге партия жан-жақты қолдау көрсетеді.

Кеңестің жаңа төрағасы Аманжол Әлтай жаңа құрамдағы «Miras-ты »жұмысына сәттілік тілеп, азаматтық қоғам қалыптастыру мен мәдениет салаларын дамытудағы қордаланған мәселелерді бірігіп талқылау, нақты ұсыныстар айту ортақ мақсат екенін жеткізді. Сонымен бірге, Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған бәсекеге қабілетті және еркін БАҚ қалыптастыру туралы сөз қозғады. Соның ішінде салалық журналистиканы дамыту, мамандарды шетелге тәжірибе алмасуға жіберу жайы да талқыланды.

Аманжол ӘЛТАЙ, "MIRAS" РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Бүгінгі Қазақстанның жаңару кезеңінде біздің бұқаралық ақпарат құралдарымызды күшейту үшін оның әлеуетін арттыру үшін біз қандай қадамдар жасауымыз керек, қандай өзгерістер керек деген секілді мәселелерге жауап алатындай маңызды ұсыныстар айтылды. Кез келген журналистің кәсіби деңгейі жоғары болу үшін оның әлеуметтік жағдайы дұрысталу керек деп ойлаймыз.


Өз кезегінде, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Умаров БАҚ саласын құқықтық реттеуді жетілдіру, ақпарат саласы қызметкерлерінің кәсібилігін нығайту, отандық ақпарат құралдарының бәсекеге қабілеттілігін одан әрі дамыту бағытында қолға алынған істерге тоқталды. Соның бірі  БАҚ туралы заңды қайта әзірлеу бойынша жұмыстар басталған .

Асқар ОМАРОВ, ҚР АҚПАРАТ ЖӘНЕ ҚОҒАМДЫҚ ДАМУ МИНИСТРІ:

Сарапшылармен бірлесе отырып заңнаманы жетілдіру тетіктері бойынша концепция әзірлейміз. Бұл үшін БАҚ, азаматтық қоғам, Үкіметтік емес ұйым өкілдерін, қоғам қайраткерлері және басқа да мүдделі ұйымдардың басын қосып, арнайы жұмыс тобы құрылуда.


«Хабар» Агенттігі» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы Берік Уәли Президенттің «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру» атты Қазақстан халқына Жолдауының мәні де маңызы да айрықша екенін айтты.

Берік УӘЛИ, «ХАБАР» АГЕНТТІГІ АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:
 
Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған реформаларды жүзеге асыру кезеңінде БАҚ саласының жауапкершілігі, әлеуметтік үй, кәсіби әлеуеті өте зор болмақ.

Кеңес отырысында Мәдениет және спорт министрі Президент Жолдауында айтылған мәдени мұраларымыз бен тарихымызды тануға қатысты қойылған міндеттерге сәйкес,  министрліктің қолға алған ауқымды жұмыстарына тоқталды.

Дәурен АБАЕВ, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРІ:

2023 жылдан бастап жас қазақстандық жазушылар мен ақындар үшін арнайы Президенттік әдеби сыйлық тағайындалады. Бұл деген үлкен жұмыс, сондықтан қазір арнайы Жарлық жобасын дайындап жатырмыз. Оған қоса биыл министрлік «Үздік балалар шығармасы», «Жылдың үздік кітабы», «Жас қаламгер» атты конкурс-жобаларды жүзеге асыруды көздеп отырмыз.


Жанарбек ӘШІМЖАН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Кітап шығару ісі бұл ең негізгі маңызды нәрселер. Сондықтан, қоғамдағы көркем әдебиетті насихаттау, балалар әдебиетінен бастап классикалық шығарманың, аударманың әлеуеті айтылды. Бұған да тиісті мәдениет министрлігі тарапынан қолдаулар табылатыны, арнайы мамандар тарапынан, кеңес мүшелері тарапынан ұсыныстар берілетіні туралы айтылды.

Сондай-ақ, кеңесте «mecenat.kz» жобасының әзірлеушілері қазақ қаламгерлерінің шығармаларына арнайы бәйге жариялайтыны айтылды. Олар жүзден жүйрік шыққан жазушының шығармаларын жеке кітап етіп жариялап, жеңімпаз шығарманың авторына өмірінің соңына дейін ай сайын 500 доллар көлемінде сыйақы беруге ниетті.

Әйгерім АҒЫЛТАЕВА, «MECENAT.KZ» ЖОБАСЫН ӘЗІРЛЕУШІ ТОПТЫҢ МҮШЕСІ, ЖУРНАЛИСТ:

Біздің мақсатымыз сол оқырманға жетсе, ауыл жастарына жетсе мүмкін біз білмейтін роман жазушылар бар шығар. Міндетті түрде ол танымал емес шығар сияқты солардың есімдерін шығару. Осыны мақсат тұтады біздің «mecenat.kz».


А. Данияр