Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Левандоски "Барселонаға" ауысуға келісім берді

AstanaTV
12.04.2022ж. 20:00
1225
Левандоски "Барселонаға" ауысуға келісім берді

Кезек, әдеттегідей спорт жаңалықтарында. Онымен әріптесім Асылбек Данияр таныстырады. Асылбек, бүгін қандай қызықты ақпараттармен бөлісесің?

Армысыз, көрермен! Кеш жарық, Амина! Атақты футболшы Роберт Левандоски "Бавариядан" кетуі мүмкін. Осы және өзге де жаңалықтар сәлден соң.

Фристайл-могулдан Ұлттық құраманың рекордшысы Дмитрий Рейхерд спорттық мансабын аяқтады. Енді, ол қысқы спорт түрлерінен Олимпиадаға даярлау орталығында аға жаттықтырушы болады.  Бұл туралы NUR.KZ ақпараттық порталы хабарлады. Ардагер спортшы осы күнге дейін бес олимпиада мен алты әлем чемпионатында Қазақстан намысын қорғады. 33 жастағы атлет қысқы Азиада және Универсиадада топ жарып, фристайл-могулдан әлем, Еуропа кубогы кезеңдерінде бірнеше рет жеңіс тұғырына көтерілген. Соңғы маусым қарсаңында   жарақаттанғанына  қарамастан, Дмитрий Бейжің Олимпиадасында  ТОП-8 қатарынан көрінген  болатын.  

«Алтын доп» атағына үміткерлер тізімі жаңартылды. Goal басылымының мәліметінше,  Франция құрамасы мен «Реал Мадрид» шабуылшысы Карим Бензема көш басында тұр. Кестенің екінші сатысында «Баварияның» шабуылшысы Роберт Левандовски, үздік үштікті «Ливерпульдік» Мохамед Салах түйіндейді. Қазір топ жарып тұрған ондықтың тізімі экрандағыдай.

Әйелдер күресінен Қазақстан ұлттық құрама командасы Азия чемпионатына аттанды. Бұрымды балуандар жарысқа соңғы дайындық жұмыстарын Моңғолия астанасы Ұлан-Баторда пысықтайды. Күрес түрлерінен құрлықтық біріншілік 19 -24 сәуір аралығында Моңғолияда өтеді. Мұнда ел намысын он спортшы қорғайды. Арасында, жастар арасындағы  әлем чемпионы Нилуфар Райымова мен әлем чемпионатының жүлдегерлері мен қатысушылары Мадина-Жәмила Бақбергеновалар да бар.  

"Баварияның" шабуылшысы Роберт Левандоски жазғы трансфер кезінде "Барселонаға" ауысуға келісім берді. Дереккөздің ақпаратынша, екі тарап үш жылдық келісімшарт жасауға ниетті. Бірақ шабуылшының "Бавариямен" келісімшарты 2023 жылы аяқталады. Сондай-ақ аяқ доп шеберіне  "Барселонадан" бөлек «ПСЖ, "МС" және "Ливерпуль" командалары қызығып отыр.

Менде бүгінге осы. Елдегі және әлемдегі спорттың басты оқиғаларын бірінші болып бізден біліңіздер. Амина, сөз сенде.

Рақмет, Асылбек! Ал, біз жаңалықтарымызды жалғастырамыз.

А. Данияр