Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Қостанайда 662 миллион теңгеге салынған жағалау қирап жатыр

AstanaTV
15.04.2022ж. 20:00
1146
Қостанайда 662 миллион теңгеге салынған жағалау қирап жатыр

Қостанайда қомақты қаражатқа салынған жағалау жарты жылға шыдас бермей, бұзыла бастады. Шаһардың көрікті жеріне айналады деген аумақтан  жұрт айналып өтіп жүр. Ал мердігер компания өкілдері жағалауды  қала тұрғындары қасақана қиратып жатыр деп ойлайды. Мәселенің мән-жайын тілшіміз Заңғар Санай жеткізеді.

Заңғар САНАЙ, ТІЛШІ:

Бес ай бұрын салынған жағалаудың бүгінгі жайы осындай. Гранит тастардан қаланған қабырғалардың кейбір тұстары жарылып, тас-талқаны шыққан. Ал тастөсемдері Тобылдың толқынындай тулап жатыр.

Ұзындығы 300 метр. Жалпы аумағы 13 мың шаршы метрден астам жағалауды жаңғыртуға 662 миллион теңге жұмсалған.  

Нұрдәулет БЕЙСЕНОВ, ҚОСТАНАЙ ҚАЛАЛЫҚ ТҮКШ БӨЛІМІНІҢ СЕКТОР МЕҢГЕРУШІСІ:

Мердігер кепілдік міндеттері шеңберінде 3 жыл бойы қызмет көрсетеді. Тастөсемдердің опырылуы бойынша акт толтырылды. Гранит плиталар мен спорттық құрылғылардың қирауына байланысты арыз берілді. Енді құқық қорғау органдары нысанға қасақана нұқсан келтірген тұрғындарды анықтауы тиіс.

Жағалауды «Сапа Құрылыс» компаниясы жаңғыртқан. Нысан жобалық құжатқа сай салынды, дейді мердігер. Жарты жылда қираған тұстарын қалыпқа келтіру үшін кемінде 2-3 миллион теңге қажет. Тәуелсіз комисия шығынды кім көтеретінін анықтайды.

Қайрат МҰСАБАЕВ, МЕРДІГЕР:

Тәуелсіз комиссия құрамыз. Солар арқылы кепілдік міндеттерге кіретін тұстарын, жұмсалатын қаражат көлемін анықтаймыз. Құқық қорғау органдарына өтініш жаздық. Бұл маңайға бейнебақылау камераларын орнатпаса болмайды.

Жаңа  жағалау  көпшіліктің  де көңілінен  шығар емес. Тұрғындар балалар  ойнайтын жердің олқы тұсы көп десе, жас скейтерлер спорттық жабдықтар мен алаңның мүлдем талапқа сай салынбағанын айтады.

БЛИЦ:

- Балалар алаңқайы көңілден шықпайды. Толыққанды істелмеген. Тесік-шұрық көп. Серуендеуге келсең де, балаңа алаңдап отырасың. Спорттық  құрылғылар да қирай бастады.

- Скейт алаңы талапқа сай істелмеген. Мәселен алаңның төсемі асфальт немесе бетон болуы керек. Скейтерлер сырғитын  құрылғылар да дұрыс істелмеген.Оның  бет жағы фанре немесе басқа қатты материал болуы керек.Ал мында темірден істеп қойған.

 
Мердігер құны қымбат гранит тастарды қаскөйлер қасақана тас-талқан еткен деп отыр. Ал тастөсемдердің опырылып кетуіне қыс бойы бұл маңды  қардан тазартқан коумманалдық кәсіпорындар кінәлі көрінеді. Қайткенмен  жағалаудың қираған тұстарын аз уақытта қалыпқа келтіреміз деп сендірді .

З. Санай