Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Ақтөбе әкімдігі 5 жылдан бері ауылға бір мектеп сала алмай отыр

AstanaTV
19.04.2022ж. 20:00
981
Ақтөбе әкімдігі 5 жылдан бері ауылға бір мектеп сала алмай отыр

Ақтөбеде отыз шақты бала екі күннен бері сабаққа бармай жүр. Темір көпір бекетінің тұрғындары жаңа мектеп салып береміз деп 5 жылдан бері құрғақ уәдемен алдаған  билікке осылайша наразылық танытты. Бұл ауылдағы  мектептің апатты жағдайда тұрғанын біз жақында көрсеткенбіз.  Аудандық әкімдіктен қайыр болмаған соң, теміркөпірліктер бүгін  облыстық әкімдікке келді.  

Темір көпір бекетінің тұрғындары бүгін таң атысымен 130 шақырым жол жүріп, Ақтөбе әкімдігіне келді.  Мектеп қашан салынады деп әкім Оңдасын Оразалиннің өзінен сұрамақшы. «Ауылдағы мектепте білім алу қауіпті. Күнара пештен өрт шығады, қабырғасы сөгіліп, шатыры құлайын деп тұр», дейді ашынған жұрт.

Тюлпан ДҮЙШЕБАЕВА, ТЕМІР КӨПІР БЕКЕТІНІҢ ТҰРҒЫНЫ:

Балаларымыз қазір мектепке бармай жатыр. Мектепте оқымайды деген сөз. Білім басқармасы онлайнға шығармаңдар деп біздерге кішкене жертөле үй алып берді. Осында оқиды деп. Бірақ, оның ішінде 17 балаға тек сиятыны 3 парта.

Гүлмира ТӨЛЕГЕНОВА, ТЕМІР КӨПІР БЕКЕТІНІҢ ТҰРҒЫНЫ:

98 бала бар екен ауылымызда, негізі халық - 232 адам. Сонда біздің ауылға енді неше бала керек мектеп салу үшін? Өздері айтты 60 орындық мектеп саламыз деп.  

Жаңа мектепті 5 жыл күткен жұрт бүгін «алдымызға облыс әкімі шықсын» деп талап етті. Алайда, Теміркөпір тұрғындарымен сөйлесуге Оңдасын Оразалин емес, құзырлы басқармалардың өкілдері келді.  Бір қызығы, бір ай бұрын құрылыс басқармасының басшысы былай деген еді.

Нағымжан АЛДИЯРОВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ ҚҰРЫЛЫС БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Біз қайтадан бюджеттік заявканы облыстық маслихатқа тапсырдық. Алдағы уақытта сессияда депутаттар қарап, қаржы бөлінген жағдайда біз құрылыс мәселесін келісім-шарт жасаған мердігермен жалғастыратын боламыз.

Бүгін Нағымжан Алдияров басқаша сөйледі.  Оның айтуынша, 5 жыл бұрынғы экспертиза ескірген. 60 орындық мектеп үшін сұралған 290 миллион теңге қазір құрылысқа жетпейді. Сондықтан, сметаны түзетіп жатқан көрінеді.  Ал, мәслихаттан мектеп  үшін қаржы әлі сұралмаған да.

Нағымжан АЛДИЯРОВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ ҚҰРЫЛЫС БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:


Корректировкаға 3 ай уақыт кетеді, сосын сараптамадан өткізу керек. Сосын барып облыстық сессиядан қаржы сұрауымыз керек мектеп салуға деп. Содан кейін басталады. Корректировканы тез аяқтайтын болсақ, меніңше күзде құрылыс жұмыстары басталуға ықпал жасауға тырысамыз.


Ал облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова ақша мәселе емес деп жұртты сабырға шақырды.  

Бұлбұл ЕЛЕУСІНОВА, АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Құжатын толық қолға алғаннан кейін облыстық бюджеттен мәселе болмайды, ол қаражатты бөлеміз. Құрылысын биыл жыл аяғына дейін бастайтын боламыз. Бірақ, қыркүйек айында сіздер ата-ана ретінде, біз білім басқармасы ретінде балаларды оқумен қамтамасыз етуіміз қажет.


Әкімдіктегілер жаңа мектеп салынғанша, балалар уақытша мектепте білім алады деп шешіп қойған. Тіпті, ауылдан білім ордасын жасақтау үшін 3 миллион теңгеге бос тұрған үйді сатып алған. Қазіргі мектептен еш айырмашылығы жоқ, құлағалы тұрған лашық үйдің қай жерінде бала сабақ оқиды деп халық енді бас қатырып отыр.

Еламан ҚАПАНОВ, ТЕМІР КӨПІР БЕКЕТІНІҢ ТҰРҒЫНЫ:

Сол үйді сіздер қалай сатып алып тұрсыздар? Анау аварийный состояниеде ғой, фундаменті жоқ ол үйдің. Сонда сіздер ойлайсыздар ма анау үй құлап кете ма деп? Төбесіне шығып қарағанда шатыры да жоқ!

Облыс әкімі орынбасарының бұған да айтар жауабы дайын тұр екен. Ғимарат ұнамаса, оны жөндеп, реттеп береміз деді. Ал қаржы бөлініп, мектеп құрылысы күзде басталса да, балалар кемі екі жылсыз жаңа білім ошағына кіре алмайды.

Г. Сейтенова