Спорт Қазақстан
$443.37 €474.49 ₽4.83
×

Есірткі сататын 740 сайт бұғатталды

AstanaTV
20.04.2022ж. 20:00
1576
Есірткі сататын 740 сайт бұғатталды

Әлемде синтетикалық есірткі саудасы қызып тұр. Бұл -өте қауіпті, дейді  сарапшылар. Оның бірнеше себебі бар екенін айтады.  Құзырлылар да   қара нарықтағы онлайн сауданы  тоқтата алмай отыр.  Жастар неге сол ұнтаққа әуес? У сатып, ұртын майлап жүргендер кім? Тақырыпты Әсел Дүкембаева зерттеді. Көрейік.

Әсел ДҮКЕМБАЕВА, ТІЛШІ:

Синтетикалық есірткі- қазір қоғамның дерті.  Бұл қауіпті кеселдің адам психологиясына санаулы секундта-ақ әсер ететінін мамандар  дәлелдеді.   Бірақ, ғаламторда жарнамаға көз сүрінеді. Есірткі тасымалдаушы қызметін еш қымсынбастан, қорықпастан ашықтан ашық ұсынады.  Әдеттегідей, мұнда бәрі оңай, тіпті есірткіні сатып аламын десеңіз де  болады.

Елорда тұрғыны Ернар Нысанбай да жұмыс іздеп жүріп,  есірткі сататындардың құрығына түсе жаздаған.

Ернар НЫСАНБАЙ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
 
Қосымша жұмыс керек болды, бір жарнамаға көзім түсті. Курьер қажет деген. И сол жерде күшті жазылып тұр прям. Айлығы да жұмыс графигі де бос уақытта шығасың деп. Мен ойладым магазиндерден таситын заттар шығар деп. Ватцап желісіне жаздым, и ол маған жұмыс уақытын түсіндірді. Осындай жерден аласың, осындай жерге апарып тастайсың, айлықтары прям күшті деді.

Содан Ернар оларға хабарласқан. Ал олар жас жігітке есірткі тасымалдайтынын ашық айтыпты.

Ернар НЫСАНБАЙ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мен еще айтып көргем, бұл жұмыс заңсыз ғой деп, қорықпа ешкім ұстап алмайды, ешкім ештеңе демейді. Ұстап алса шығарып аламыз деп.
 
Құзырлы орган өкілдері  синтетикалық есірткімен күресу өте  қиын екенін айтады. Қара нарықта  сауданы қыздырып тұрған сайттарға «соғыс» жүріп жатыр дейді. Бірақ біреуін бұғаттаса,   көп ұзамай-ақ оның орнына жаңасы  пайда болатын көрінеді.

Сергей ИЛЬИНЫХ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАЛЫҚ ПД ЕСІРТКІ БИЗНЕСІНЕ ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСТЫҒЫ:

Оның ар жағында  шетелдік азаматтар да тұруы мүмкін, бірақ олар  ОЛХ, Крыша сияқты сайттарды тексеру барысында анықталады. Бұл қылмысқа  көбінесе 16 жастан 25 жасқа дейінгі жастар барады. Оның басым бөлігі- студенттер, оқуға келгендер. Жеңіл ақшаны табудың оңай жолын іздейтіндер.


Мамандар  синтетикалық есірткіні  тасымалдау қылмысы  өз алдына өзекті мәселе болса,  нашаның  адам денсаулығына зиян екенін де айтып дабыл қағады.  Мұны ауыздықтамаса жарқын болашақты елестету қиын дейді.  
 
Эльмира ӘБДУҒАЛИЕВА, ПСИХОЛОГ:

Есірткіге тәуелді адам- ол психикалық ауытқуы бар деген сөз.   Синтетикалық препарат адамның қайғы-қасіретінен пайда табу үшін жасалады деген ащы тұжырым бар. Себебі келесі дозаны қабылдау арқылы олар тән мен жан азабынан уақытша ғана айырылуы мүмкін.  Алайда есі мен етін улап алған тажал ішке бір кірген соң әбден жеп тауыспайынша тоқтамайды.

Бүгінде әлемде 15 пен 64 жас аралығындағы 270 миллионнан астам   тұрақты нашақорлар тізіміне алынған. Жыл сайын есірткінің кесірінен жер шарында 450 мыңнан астам адам ажал құшады.  Былтыр елімізде есірткі саудасымен айналысқан 740 сайт анықталған. Бірақ, сонда да қауіпті кәсіпті ауыздықтау мүмкін болмай тұр.

Ә. Дүкембаева