Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт мөлшері биылдан бастап ұлғаймақ. Бұл туралы «Кепілдік трансферт туралы» заңға өзгерістер енгізу туралы» заң жобасында көрсетілген. Құжатты мәжіліс депутаттары мақұлдады. Заң жобасын Ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары Тимур Жақсылықов таныстырды. Оның сөзінше, Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт мөлшері 4 триллион теңгеге дейін ұлғайту көзделген. Қомақты қаражат республикалық бюджеттің теңгерімділігін қамтамасыз етуге бағытталмақ. Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев қалыптасқан геосаяси жағдайлар мен ішкі реформаларға байланысты аталған қадамға баруға мәжбүрміз дейді.
Ерұлан ЖАМАУБАЕВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРДІҢ ОРЫНБАСАРЫ - ҚАРЖЫ МИНИСТРІ:
Біз салықтық жүктемені бизнеске одан әрі көтеруді жөн деп санамаймыз. Себебі бұдан әрі көтерсек бизнестің өзі де, өздеріңіз білесіздер қазіргі мынадай қиын жағдайда әрең жұмысын атқарып жатыр. Сондықтан да біз мәжбүрміз. Депутаттардың алдына ұсындық мәжіліс депутаттары бұл бюджетті қолдады.
Сондай-ақ, мәжілісмендер 2022-ші жылға арналған нақтыланған бюджетті бекітті. Қаржы министрінің мәліметінше, биылға Президенттің тапсырмаларын іске асыруға 1,8 трлн теңге бағыттау көзделіп отыр. Бұл - күш құрылымдары, төтенше жағдай мамандарының жауынгерлік әзірлігі мен жарақтандырылуын көтеруге, өңірлер мен бизнесті қолдауға, халықтың табысын арттыруға, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және экономиканы реттеуге арналған шығыстар деді. Заң жобасын депутаттар қолдады.
Ерлан ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:
Бүгін біз өте маңызды заң жобасын қабылдадық. Бөлінетін қаржы Мемлекет басшысының тапсырмаларын және Жолдауында жариялаған реформаларды жүзеге асыруға бағытталған. Бір ғана мысал, өңірлердегі ауыз су, жол, тұрғын үй сияқты қордаланған мәселелерге бюджетте 476 млрд теңге бөлінеді. Бұл қаражаттың нәтижелі әрі тиімді жұмсалуын қадағалау – біздің, яғни депутаттардың, басты міндеті. Бүгін бірқатар депутаттар тарапынан Үкімет мүшелелеріне сын-ескертпелер айтылды. Министрлер соны назарға алып, тиісті қорытынды жасауы қажет.
Б. Сатуов