Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×
Реклама на сайте

Таразда түрлі шығармашылық үйірмелер мен спорттық секциялардың жетекшілері шу көтерді

AstanaTV
21.04.2022ж. 20:00
1535
Таразда түрлі шығармашылық үйірмелер мен спорттық секциялардың жетекшілері шу көтерді

Балалардың болашағына балта шабылмасын. Жамбыл облысы әкімдігі алдына жиналғандар осылай деп ұрандады. Ғимарат алдына негізінен шығармашылық үйірмелер мен спорттық секциялардың жетекшілері келді. Олар жергілікті биліктің мемлекеттен бөлінген қаржысын бермей тоқтатып тастағанына наразылық танытты. Осының кесірінен кәсіптері кері кетіп, өнерлі өрендеріміздің өрісін өсірмей жатыр дейді жиналғандар.

Әкімдік алдына 50-ден астам адам жиналды. «Болам деген баланың бетін қақпа белін бу» деп айқайға басты. Айтуларынша түрлі өнер үйірмелер мен спорт секцияларының басшылары 4 айдан бері тиісті ақшаларын ала алмай жүр. Осының салдарынан бастаған бизнестері тоқтап қалған. Жалға алған кеңселері жабылып, коммуналдық төлемдерді төлеуге тиын таппай қалдық дейді. Осы уақытқа дейін тегін қатысып келген балаларға, енді ақылы болады деп айтуда оңай болмай тұрғанына ашулы. Ата-аналар да бұған наразы.     

Дарина ТУҒАНБАЕВА, АТА-АНА:

Қолдасаңыздаршы енді. Ақша бөліңіздер. Өйткені көпбалалы аналар бар, жағдайы жоқтар бар. Бәрі осы үйірмеге қатысып жатыр. Ылғи бірінші орын екінші орын алып жатыр осы биден.


Аягөз ҚАРАБАЕВА, БИ ҮЙІРМЕСІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:
 
Менің үйірмем қазір өте қиын жағдайда. Өйткені арендаға өнім берушім төлей алмай отыр. Бисермен тоқу, биі басқасы бар, қаншама баланың тағдыры сіздер сындырып отырсыздыр.
 

Әкімдік өкілдері АРТ спорт бағдарламасына 500 млн теңге аударылғанын айтады. Алайда ол ақша жетпей қалыпты. Себебі, келуші бала саны тым көп дейді. Оның үстіне бөлінген қаражат талан-таражға түсіп кеткен. Яғни, кей кәсіпкерлер бала санын арттырып, артық ақша алып отырғанын анықтаған. Сондықтан бұл істі жан-жақты тексеріп, үйірмелердің құжаттарын қайта қарап шығу керек дейді. Ол үшін арнайы топ  құрмақшы.  

Нұрбол ЖҮНІСБЕКОВ, ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ ӘКІМДІГІ ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ЖӘНЕ СПОРТ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:


Зерделеу жұмыстары жүргізіледі. Біз тексермеген себебіміз заңда біздің тарапымыздан тексеру құзыреті жоқ. Сондықтан біз тексере алмаймыз. Облыс басшысы өзі тапсырма берді, осы екі аптада белсенділер мен біздің арамыздан топ құрылып, екі аптада нақты шешімін айтатын боламыз.


Өскелең ұрпаққа жол ашу үшін, оларға барлық жағдайды жасау керек екенін ел Президенті де көтерген еді. Биылғы жылды - «Балалар жылы» деп жариялаған болатын. Жауаптылардың сөзіне сенсек, осыдан соң жер-жерде АРТ спорт бағдарламасымен айналысушылар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткен көрінеді.

Б. Жұмабайұлы