Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Қарағандыда балалар үйінің тәрбиеленушілері колледжге түспей- ақ кәсіптік білім алады

AstanaTV
26.04.2022ж. 20:00
1024
Қарағандыда балалар үйінің тәрбиеленушілері колледжге түспей- ақ кәсіптік білім алады

Қарағандыда балалар үйінің тәрбиеленушілері колледждерге түспей- ақ кәсіптік білім ала алады. Жергілікті кәсіпкерлер оларға  арнайы шеберханалар жабдықтап берді. Жеткіншектер үшін бұл үлкен мүмкіндік. Олар шаштараз, визажист, аспаз, музыкант, фотограф мамандықтарының қыр- сырын меңгеруде.

Бүгін Алена Ткаченконың қуанышында шек жоқ.  Ол тәрбиеленіп жатқан ерекше балалар үйінде  сұлулық салоны ашылды. Алена визажистің алғашқы шеберлік сабағына қатысты. Бұл оған үлкен өмірге берілген жолдама іспетті.  

Алена ТКАЧЕНКО, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН БАЛАЛАР ҮЙІНІҢ ТӘРБИЕЛЕНУШІСІ:

Басында аспаз болғым келген, қолымнан келмеді. Кейін тігінші мамандығын меңгердім. Бірақ визажист болған әлдеқайда тиімді. Оның үстіне биыл мен осы балалар үйінен түлеп ұшамын.  Табыс табуым керек. Әрі адамға сұлулық, сенімділік сыйлаймын, өте қызықты.


Ал Дмитрий   аспаз болғысы келеді. Алғашынды өрт сөндіруші боламын деген бозбала өз мүмкіндігіне сай кәсіп таңдапты. Нәтижесі керемет. Бүгінде оның қолынан шыққан тәтті тағамдарды жұрт сүйсініп жейді.

Дмитрий ВИЛОТИС, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН БАЛАЛАР ҮЙІНІҢ ТӘРБИЕЛЕНУШІСІ:


Өрт сөндіруші боламын деген ойымнан айнып, аспаз болуды жөн санадым. Мені қонаққа бір отбасы алып тұрады. Сол үйде жүріп тамақ пісіріп үйрендім, мені тіпті пицца, борщ, суши пісіретін шеберлік сабақтарына апарды. Маған қатты ұнайды.


Бұл балалар ерекше болғандықтан  шамалары жететін кәсіптерге    бейімделеді. Өйткені  олар колледждерде оқи алмауы мүмкін. Сондықтан балалар үйінің басшылығы оларға оқу орындарына түспей- ақ,  кәсіптік білім алу үшін барынша  жағдай жасауда.

Дәнекер СЕЙСЕКИНА, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ БАЛАЛАР ҮЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Олар армандаған аспаз, кулинарлық іс мамандығы олар үшін қолжетімсіз болуы мүмкін. Сондықтан біз осы проблеманы айналып өтіп өз үйімізде осы шеберлік сабақтары арқылы үйретуді жөн санадық. Мүмкіндік шектеулі дегенмен балаларға еш шектеу қоймаймыз.

Кәсіпкерлер  балалар үйінің ішінен  бірнеше шеберхананы жабдықтап берген. Мұнда шаштараз, визажист, тырнақ әрлеуші, аспаз, музыкант, фотограф мамандықтарының қыр- сырын  меңгеруге болады.

Наталья ЕСЬКОВА, «АЯЛА» ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ҚОРЫНЫҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:

Біздің мақсатымыз -мамандықты меңгерту, оқыту. Демеушілер тауып шеберханаларды жабдықтап ашып береміз.


Қарағанды облысында 23 жасқа жетпеген 270- тен астам ерекше бала, бозбала мен бойжеткен бар. Педагогтар оларға кәсіби білім берумен қатар балалар үйінен шыққан соң да қолдау көрсетуге тырысады. Алайда олардың ең басты проблемасы- баспана. Ерекше түлектерді  тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі шешімін тапса екен ,- дейді тәрбиешілер.

А. Қуаш