$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Алматы облысында оқушыны ит талаған

AstanaTV
27.04.2022ж. 20:00
1688
Алматы облысында оқушыны ит талаған

Алматы облысы Жамбыл ауданына қарасты Ақсеңгір ауылдық округінде 9 жастағы баланы ит талаған. Абырой болғанда оқушы аман, қазір ауруханада жатыр. Бет-аузы қан-жоса болған баланың суреті әлеуметтік желіде тарады. Анасы иттің иесін табуға көпшіліктен көмек сұраған еді. Иесі сол күйі табылмады. Құтырған ба, жоқ па ол жағы да әлі белгісіз. Ауылдағы жантүршігердік оқиғаны тілшіміз баяндайды.

Ауыл тұрғындарының айтуынша 9 жастағы Халиф үйінің ауласында бауырларымен алаңсыз ойнап жүрген. Бос жүрген үлкен төбет қайдан келгені белгісіз, ойын баласына тап беріпті.  

Дастан ӘБІЛҚАЙЫРОВ, ӘКЕСІ:

Мен жұмыста болғанмын. Жұма күні екі кештің арасында болған оқиға. Жұмыс істеп отырған едім, сосын қызым звондап, жылап, осылай-осылай ит талап кетті деді.  

Түрлі дене жарақатын алған оқушы анасымен бірге қазір  Алматыдағы №1 балалар ауруханасында жатыр. Дәрігерлер науқастың жағдайын тұрақты деп бағалады.  

Алуа ЖЕКСЕНОВА, БАЛАЛАР ШҰҒЫЛ МЕДИЦИНАЛЫҚ ЖӘРДЕМ ОРТАЛЫҒЫ БАС ДӘРІГЕРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Қабылдау бөлімінде антирабический иммуноглобулин салынып, баланы бөлімшеге жатқыздық. Келгендегі жағдайы орташа ауырлықта болды. Бүгінгі таңда бала орташа ауырлықта. Бірақ динамикада жағдайы тұрақталған және антирабический вакцинасы схема бойынша алынып жатыр.


Баланың анасы да қауіптің сейілгенін айтты. Ал, итті арнайы мамандар ұстап, ветеринарлық станцияға тоғытқан. 10 күн бақылауға алып, кейін арнайы дәрімен ұйықтатпақшы. Иесі жоқ дейді. Ауыл халқы жалпы маңайда қаңғыбас иттер өте көп деп отыр.

Қуат МАЛДЫБАЕВ, АҚСЕҢГІР АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ВЕТЕРИНАРЛЫҚ ПУНКІТІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ:


Ауылдың ішінде қаңғыбас иттердің жүру себебі - біздің округ жолдың жағасында орналасқан. Әрі - бері мал айдаушылар да көп. Басқа ауылдардың иттері жол-жөнекей қалып қойып жатады.


Жергілікті әкімдіктегілер болса, ит аулау облыс мәслихатының шешімі бойынша тек тұрғындардың өтінішімен ғана жүзеге асатынын жеткізді.   

Әсет БЕРДІСОВ, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ЖАМБЫЛ АУДАНЫ АҚСЕҢГІР АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:


Сұраныс бердік аудандық ветеринарлық станцияға. Біздің ауданда 6 елді мекен бар. Онда мұндай қызмет көрсететін бір ғана бригада бар. 3 адамнан тұрады.

Дегенмен баласын ит қапқан әке, иесіз иттердің көп екенін бұған дейін әкімдікке қанша шағымданған. Бірақ нәтиже жоқ деп налиды.

Дастан ӘБІЛҚАЙЫРОВ, ӘКЕСІ:


Өтінішті айтуын айттық, бір емес бірнеше рет. Шынын айтқанда, қозғалыс болып жатқан жоқ ит мәселесі бойынша. Бұл екі-үш рет ескертіліп айтылған мәселе еді.


Айта кетейік, бүгінде Жамбыл ауданында 9500 ит тіркелген. Оның 7000-ға жуығы шаруа қожалықтарына тиесілі екен. Ауруханада жатқан баланың анасы мен дәрігерлер, қапқан иттің анализін күтуде. Құтырғаннан аман болса екен деп тілейді.

М. Жақан