Тобыл өңіріндегі Жуков ауылының балалары әбден тозығы жеткен мектепте оқып жатыр. Ғимараттың іргетасы шөгіп, қабырғасы жарылған. Еден тақтайы мен төбесі де ескірген. Ең қауіптісі жылу қазандығы мектептің ішінде тұр. Бұл талапқа сай келмейді дейді ата-аналар. Ауылдағы жалғыз білім ошағының мәселесін Заңғар Санай жеткізеді.
Көне мектептің бір бөлігі -патша заманында, енді бір бөлігі өткен ғасырдың жетпісінші жылдары салынған.Екі ғасырлық ескі ғимараттың іргетасы үгітіліп, іші-сырты түгел тозып тұр.
Артем КОТИН, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:
Мектептің жағдайы алаңдатады. Апаттық жағдайда тұр десем артық айтқаным емес. Ахуалы нашар. Басқа мектеп болмаған соң, амалсыз ауыл балалары осында оқып жатыр.
Спортзал жоқ. Сондықтан денешынықтыру сабағы қыста қуықтай бөлмеде өтеді. Шәкірттер жеңіл-желпі жаттығу жасаумен шектеледі.Жасөспірімдер тек күн жылығанда ғана далаға шығып, доп қуып бой жазады.
Евгений БЛЕДНЫХ, ОҚУШЫ:
Мен бұған дейін қалада тұрдым.Күреске қатысып жүлделі орындар иелендім. Ал мұнда күрес үйірмесі жоқ. Сондықтан қазір дойбы үйірмесіне ғана барамын.
Мектепте заманауи зертхана, акт залы түгілі қарапайым киім ілгіштің өзі жоқ. Ескі ғимараттағы заттың бәрі ескірген. Терезенің тесігін бітеп, көне шкафтардың бетін сырлаумен келеміз дейді мұғалімдер.
Сара АЯЗБАЕВА, МҰҒАЛІМ:
Интерактивті тақта жоқ. Кабинетімде өзімнің математика кабинетінде анау тұрған шкафтар 70-80 жылдардағы ма білмеймін. Енді терезесін айтсам, осы неше жыл істеп жүрдім терезесін жел соққанда кабинетте сабақ бере алмайсың.
Қостанай ауданындағы 46 мектептің 7-уі талапқа сай келмейді. Білім ошақтарындағы түйткілді бөлім басшылары жақсы біледі. Мәселе біртіндеп шешіледі дейді.
Айгүл ХАСАНОВА, АУДАНДЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Біз бұл проблеманы білеміз. Ескі ғимаратты техникалық зерттеуден өткізу үшін бюджеттік тапсырыс бердік.Байқау жарияланды. Техникалық зерттеудің нәтижесі анықталған соң нақты не істеуге болатыны, қай тұсын жөндеу керектігі шешіледі.
Техникалық зерттеу ескі ғимараттың жөндеуге келмейтінін анықтаса, оның орнына жаңасын салу екіталай. Өйткені білім бөлімінің өкілдері мектеп салғаннан гөрі, арнайы көлік шығарып оқушыларды көрші ауылға тасымалдаған тиімді екенін айтады. Ал тұрғындар бұған қарсы. Елдімекенде заман талабына сай жаңа мектептің бой көтергенін қалайды.
З. Санай