Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Конституциялық өзгерістерге қатысты жалпыұлттық референдум өтеді

AstanaTV
29.04.2022ж. 20:00
1814
Конституциялық өзгерістерге қатысты жалпыұлттық референдум өтеді

Елімізде конституциялық өзгерістерге қатысты жалпыұлттық референдум өтеді. Қазақстан халқы ассамблеясының 31-сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осындай ұсыныс жасады. Президент Ата заңға енгізілетін түзетулердің тарихи маңызы бар деді. «Ел бірлігі – жаңарған Қазақстанның тірегі» деп аталған ассамблея отырысына, онлайн және офлайн форматта шамамен 700-ден астам адам қатысты. "Жаңа Қазақстандағы" Ассамблеяның басымдықтары қандай болмақ? Тілшіміз тарқатады.  

Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында Ассамблея мүшелерінің басын қосу игі дәстүрге айналған. Ел Президенті осыны еске алып, мұның зор символикалық мәні бар екенін атап өтті. «Ел бірлігі – жаңарған Қазақстанның тірегі» атты сессиясының жұмысына қатысты.Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі геосаяси ахуалға тоқталды. Оның пікірінше, мұндай жағдайда бірлікті нығайтып, отаншылдық рухты көтеруге баса мән беру керек.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бірлігіміз – әралуандықта» деген басты қағидатымыз ешқашан өзгермейді. Біз жас ұрпақты нағыз отаншыл азамат етіп тәрбиелеуіміз керек. Осы ретте саяси және қоғамдық плюрализмнің радикалды сипат алуына жол берілмейді. Әсіресе, азаматтарды кемсітуге, олардың ары мен намысын таптауға болмайды.


Президент Ассамблея қызметінің басымдықтарын айқындап берді. Біріншісі – саяси реформаларды жүзеге асыру ісіндегі Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлін күшейту. Екінші ақпараттық жұмыстарды арттыру, яғни Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдағы әлеуетін нығайту деп атады. Қасым-Жомарт Тоқаев әрбір азамат жұртшылықтың алдына шыққанда, ұлттық мүдде мен қазақстандық патриотизм қағидаттарын басшылыққа алуға шақырды.  Бұл – аса маңызды деді. Ал үшінші басымдық – адам құқығын қорғау қызметін күшейту. Осы бағытта Ассамблея медиацияға негізделген кәсіби келіссөз жүргізушілердің бірегей институтын қалыптастыруға тапсырма берді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Этномедиация оқу орталығын құру керек. Онда тұрақты оқу курстарын ұйымдастырып, аудандық деңгейдегі мемлекеттік қызметшілердің басым бөлігі даярлықтан өтуге тиіс. Ақпарат және қоғамдық даму, Білім және ғылым министрліктеріне Мемлекеттік басқару академиясымен, ҚХА Хатшылығымен және басқа да уәкілетті органдармен бірлесіп, осы мәселе жөнінде жүйелі ұсыныстар енгізуді тапсырамын.


Сондай-ақ, президент келесі айда жаңа диалог алаңы – «Ұлттық құрылтайдың» алғашқы отырысы өтетінін хабарлады. Бұл жиын елімізді дамытудың өзекті мәселелерін талқылау үшін қоғамды жұмылдыруға бағытталғанын атап өтті.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бұл жалпыұлттық диалогтың әмбебап моделіне айналады. Құрылтайдың құрамына депутаттар, ҚХА мүшелері, сарапшылар мен құқық қорғаушылар, барлық өңірдің, сондай-ақ Азаматтық альянстың, қоғамдық кеңестердің, бейресми ұйымдардың, бизнес қауымдастықтар мен өндіріс саласының өкілдері кіреді. Ассамблея Ұлттық құрылтаймен бірлесіп, тиімді жұмыс істеуі керек. Себебі, түптеп келгенде, екеуінің мақсаты – ортақ.

Мемлекет басшысы Конститутцияға енгізілетін өзгерістерге де тоқталды. Оның айтуынша Ата заңның үштен біріне өзгеріс енеді. Әрі оны парламент бекіте салмайды. Жалпы халықтық референдум өтіп, конститутцияны өзгертуге әрбір азамат атсалысатынын айтты. Осылайша Жаңа Қазақстанды құруда ешкім шет қалмайтынын ескертті.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Осы реформалар қолға алынған кезде Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың жобасын Парламент қарайды деп ойлаған едік. Бұл – қолданыстағы заңнамада орныққан рәсімнің бірі. Алайда, алдағы ауқымды әрі маңызды өзгерістер ел болашағына айрықша әсер етеді. Сондықтан мен Ата заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде республикалық референдум өткізуді ұсынамын.


"Жаңа Қазақстан" құру үшін де жеке және қоғамдық құндылықтар жүйесін толығымен реформалау қажет екенін де еске салды.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біз непотизм мен патернализмге, сыбайлас жемқорлық пен компрадоризмге түбегейлі тосқауыл қоямыз. Жаңа Қазақстан әділдіктің территориясына айналуы керек. Ол үшін тек заңның әріптерін ғана емес, рухын да ұстану қажет.


Сонымен қатар жиында мемлекет басшысы Қазақстанның дамуына өзге этностардың қосып жатқан үлесі туралы мемлекеттік тілде айту өте маңызды. Осы бағытта жұмыс істейтін БАҚ-қа қолдау көрсетіледі деді. Одан бөлек диалог мәдениетін қалыптастыру және қоғамда өзара түсіністік пен сенімді нығайту қажет екеніне арнайы тоқталды. Мұның бәрі елдің жарқын болашағы мен халықтың әл-ауқаты үшін қажет екенін жеткізді.

Б. Сатуов