Он күн бойы комада жатқан оралдық жас ана Таңшолпан Мұқанова бүгін түнде көз жұмды. Айта кетелік, құрсағында жеті айлық сәбиі бар келіншектің миына қан құйылып, ес-түссіз жатқан болатын. Туыстары оның қазасына дәрігерлерді кінәлайды. Яғни, перинаталды орталық қызметкерлері Таңшолпанды қараусыз қалдырып, уақытында ем-дом жасамаған. Соның кесірінен комаға түсті дейді жақындары. Науқастың хал үстінде екенін кеш аңғарған дәрігерлер кесарь тілігі арқылы іштегі баланы босандырып алған. Марқұмның артында жаңа туған сәбиі мен төрт жасар қызы қалды. Туыстары кінәлілердің жазалауын талап етіп отыр. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері бұл оқиғаға қатысты арнайы комиссия құрылғанын, мәселенің мән-жайын солар анықтайтынын хабарлады.
Е. Карин