$516.01 €582.47 ₽6.26
×

Алматының қақ ортасындағы жолдарды тұрғындар өздері жөндеуге кірісті

AstanaTV
29.04.2022ж. 20:00
1599
Алматының қақ ортасындағы жолдарды тұрғындар өздері жөндеуге кірісті

Алматының қақ ортасындағы Алатау ауданының тұрғындары өзара қаражат жинап, асфальт төсеуге кірісті. Соңғы бес жылдан бері жергілікті әкімдіктен тегіс жол сұрап шаршаған халықтың амалы қалмаған. Тақырыпты әріптесім тарқатсын.

Бұқара қалада өмір сүргенімізбен, жағдайымыз шалғайдағы ауылдардан жаман деп зар қағады. Осыдан бес жыл бұрын мұндағы бірқатар көшелерге су жане кәріз жүйесін өткізу жұмыстары басталған. Алайда, құрылыс жұмыстары толығымен аяқталмай, қопарылған жол сол қалпы қалған.  

Светлана ШУШАРИНА, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
 
Өзім тұратын Красильская көшесіне мен жыл сайын асфальт сатып аламын. Оны көлікке тиеп әкеліп, осында төсейміз, көршілермен бірлесіп күрекпен жолды тегістейміз. Себебі, сапалы жолдармен жүріп, шаң-тозаңнан арылғымыз келеді.

Әбден тас-талқаны шыққан жолдардың кесірінен жұрт көліктерін де соғып біткен. Тіпті, ішінде науқасы бар жедел жәрдем көлігін ашық қалған кәріз құдығынан алып шыққан жағдайлар да орын алған көрінеді. Жолдағы шаң-тозаңды басу үшін тұрғындар күніне бірнеше рет су шашып жүр.  

Алеся ДУГИНА, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Көлігімді бірнеше рет жөндеуіме тура келді. Себебі, мына жолдардың кесірінен қирап қала береді. Оны әрдайым жөндеп отыруға қаражат та жоқ.

Мұнымен тұрғындардың мәселесі бітпейді. Жолдан бөлек, ауданда жарықтандыру да жиі істен шығып, күні бойы жарықсыз қалып қойған күндер де аз емес,- дейді халық. Тіпті, жиналмаған тұрмыстық қалдықтар да бұқараны мезі еткен. Олар балалар үшін арнайы алаңқайлар салынса деп отыр.  

Абай БЕГАЛИНОВ, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Әкімдікке де хабарластық, парақшаларға да жаздық. Кезінде Сағынтаевқа да барғанбыз. Алатау ауданының әкіміне де бардық. Осымен нешінші жыл келе жатыр жасалады деп. Барлығы сол қалпы жатыр.

Алатау ауданы әкімдігіндегілер болса, бар мәселеге жауапты мердігерді кінәлайды. Яғни, әу-бастан құрылыс жұмыстары жобалық - сметалық құжаттарға сәйкес жүргізілмеген деді. Айтуларынша, жұмысқа жауапты «Керегетас» серіктестігіне бірнеше сот шешімі шыққан. Бүгінде аталған мекеме мемлекеттік лицензиядан айырылған. Енді басталған жұмысты жергілікті атқамінерлер биылдан қалмай бітіріп береміз деп уәде етті.

Зиярат ҚАМБАТЫР, АЛАТАУ АУДАНЫ ӘКІМІ АППАРАТЫ КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ:

Ағымдағы жылы осы шағын ауданға ұзындыгы 15,5 км болатын жолды жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Яғни, Алматы қалалық мобильдік басқармасы тарапынан аталған жұмыстар ағымдағы жылдың жоспарына толығымен енгізіліп, құрылыс жұмыстары мамыр айында басталып, мамыр айы мен қараша айын қамтитын болады.

Алатау ауданының бұл түйткілді мәселелері, қала әкімінің басты назарында деп сендірді маман. Жолдың мәселесі биыл шешіп берілсе, қалғаны ақырындап ретке келетінініне сенімді.

М. Жақан