Шымкентте судан жасөспірімнің денесі табылды. 15 жастағы баланың мәйітін құтқарушылар қала сыртындағы карьер орнына жиналған судан алып шықты. Жасөспірімнің нақты неден қайтыс болғаны арнайы сараптамадан соң белгілі болмақ. Төтеншеліктердің алдын ала болжамынша, ол шомылуға рұқсат етілмеген жерге суға түскен болуы мүмкін. Кеше қалада күн қатты ыстық болды. Қазір бұл іспен полиция айналысып жатыр. Төтенше жағдайлар департаментіндегілер тиым салынған орындарға суға түсудің ақыры қайғылы жағдаймен аяқталатынын ескертіп отыр. Олар енді сырт көзге кішігірім көл секілді көрініп тұрған карьер аумағына суға түсуге тиым салатын белгілер орнатпақшы.
А. Төребекқызы