Алматы облысында картинг алаңында 10 жасар бала көз жұмды. Оқиға Іле ауданындағы картодром орталығында болған. Бұған кім кінәлі? Оқиға қалай болды? Әріптесім Әсем Лесбек баяндайды.
Әсем ЛЕСБЕК, ТІЛШІ:
Карта арқылы көлікпен жарысатын алаңға марқұм әкесі және ағасы 3 еуі келген. Үшеуі бір-бір картингті тізгіндеп келе жатқан. Кенет марқұм отырған көліктің артынан сондағы картингтің бірі соғылады. Қатты соққыдан ойын көлігі жол жиегіне ұшып кетеді.
Жеткіншектің бас сүйегі қатты зақымдалған. Сол жерде көз жұмыпты. Ойламаған сәтте баласынан айрылып қалған әкесі орталықта алғашқы медициналық көмектің болмағанын айтады. Әрі қауіпсіздік ережелері сақталмаған дейді.
Ал картинг басшылығы, бұл жағдайға қатысты түсініктеме беруден бас тартты. Ішке кіруге де рұқсат бермеді.
Полиция департаментінің ақпаратынша, орталықтың 41 жастағы басшысы күдікті деп танылған. Оған қатысты тергеу басталды. Істің мән-жайын анықтау үшін бірқатар сараптама тағайындалған.
Ернар САЙДЕЛДИН, АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ ӨКІЛІ:
10 жасар жасөспірімнің өліміне қатысты ҚР ҚК 306-бабы 3-бөлігі бойынша полиция басқармасы сотқа дейінгі тергеуді бастағанын хабарлаймыз. Қылмыстық іс материалдарында күдікті ретінде картинг орталығының 41 жастағы директоры танылды.
Ал заңгер 10 жасар баланың картинг тізгіндегені қаншалықты дұрыс немесе бұрыс екенін де анықтау қажет дейді.
Руслан ҚОЖАХМЕТ, ЗАҢГЕР:
Біл жерде құқық қорғау органдары жан-жақты жұмыс істеуі тиіс. Тергеуге келетін болсақ, ойын алаңында жүк көлігі неге тұр. Соны анықтаса, одан кейін екі көлік соқтығысқан жағдайда қандай қауіпсіздік шарасы бар? Орталықта неліктен алғашқы медициналық көмек болмаған осы сынды сұрақтарға жауап іздеу керек.
Мамандар ойыннан от шықпас үшін қауіпсіздік шараларын қатаңдатуды сұрайды. Мұндай ойын-сауық орталықтары балалардың жас ерекшелігіне де мән берсе дейді. Ал қайғылы жағдай болған орталық бүгін жұмыс істеп тұрған жоқ.
Ә. Лесбек