Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры теңгедегі жинақ салымдар бойынша максималды ставканы арттырады. 2022 жылдың маусым айына ұсынылатын ең жоғары сыйақы мөлшерлемесін бекітті. Осы және өзге де ақпараттар экономика жаңалықтарында.
3 және 6 айға арналған мерзімсіз, мерзімді және жинақ депозиттер, сондай-ақ 12 және 24 айға арналған мерзімді депозиттер бойынша максималды мөлшерлеме өзгеріссіз қалды және мамыр айындағы деңгейде сақталды. 12 және 24 айға арналған жинақ депозиттер бойынша максималды мөлшерлеме депозит нарығының осы сегментінде орташа өлшемді нарықтық ставканың өсуіне байланысты сәйкесінше 0,1 пайыздық тармаққа және 0,2 пайыздық тармаққа жоғарылады.
Елімізде алдағы үш жылда мұнай-газ жобалары аясында жұмыс орындары көбейеді. Бұл туралы Энергетика министрі Болат Ақшолақов мәлімдеді. Оның айтуынша 2022-2025 жылдар аралығында 2 жарым мың тұрақты және 12 мың уақытша жұмыс орнын құру көзделіп отыр. Аталған жоспар «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған тұрақты экономикалық өсу» Ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылмақ. Бұл бағытта 7 жоба бойынша мұнай-химия кластерін құру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Болат АҚШОЛАҚОВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ:
Құрылыс жұмыстары Атырау мен Батыс Қазақстан облыстарында жүргізіліп жатыр. Былтыр Қашағандағы қуаттылығы 1 млрд м3 газ өңдеу зауытының құрылысы басталған болатын. Ол құрылыс 2024 жылы аяқталады деп отырмыз.
Биыл «Қазақстан темір жолы» акционерлік қоғамы теміржолшылардың жалақысы үшін Үкіметтен 90 млрд теңге сұрамақ. Бұл туралы компанияның басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаев айтты. Оның сөзінше компания осы жылы теміржолшылар жалақысын 41 процентке көтерген. Алайда сыртқы геосаяси жағдайларға байланысты Ресей арқылы транзит 43 процентке құлдыраған. Бұл кірістің азаюына әкелді дейді,-басқарма төрағасы.
Нұрлан САУРАНБАЕВ, "ҚАЗАҚСТАН ТЕМІР ЖОЛЫ" ҰК" АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:
Біз жалақыға 300 млрд теңгеден астам қаражат жұмсаймыз. Оның 111 млрд теңгесі тарифке қосылған. Ал 200 млрд теңгені өндірістік қызметтен, оның ішінде транзиттен түсетін кірістен аламыз. Демек, транзит есебінен өтейміз. Үкімет бізге алуға мүмкіндік берді. Егер қазіргі уақытта транзит төмендейтін болса, онда төмендеген көлемге ақша сұраймыз. Шамамен 90 млрд теңге деп есептеп отырмыз.
Б. Сатуов